Бейнеудің коммуналдық сала қызметкерлері референдумға қатысады
Бейнеу аудандық коалиция мүшелері аудан тұрғындарына сапалы коммуналдық қызмет көрсетіп отырған «Бейнеусусервис» мекемесінің еңбек ұжымымен арнайы кездесу өткізді. Кездесудің негізгі мақсаты – алдағы республикалық референдум қарсаңында жаңа Конституцияның мазмұны мен маңызын кеңінен түсіндіру, қызметкерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдау және ашық диалог алаңын қалыптастыру болды.
Жиынға аудандық коалиция жетекшісі Назарбек Қадір, аудан әкімінің орынбасары Таңат Нұрмағанбетов, сондай-ақ коалиция мүшелері Айбек Сембіғалиев, Нұралы Сәдіғұлов және Бөкенбай Бисенғалиев қатысты. Кездесу барысында қатысушылар жаңа Конституция жобасында көзделген өзгерістер мен толықтырулардың мән-маңызына жан-жақты тоқталды.
Аудандық коалиция жетекшісі Назарбек Қадір өз сөзінде Конституция – мемлекеттің құқықтық негізін айқындайтын, қоғам дамуының стратегиялық бағытын белгілейтін басты құжат екенін атап өтті. Ол ұсынылып отырған өзгерістердің басты мақсаты – заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту екенін жеткізді.
Коалиция мүшесі Айбек Сембіғалиев те реформалардың елдің ұзақ мерзімді дамуына серпін беретінін атап өтіп, жаңа нормалар қоғамның тұрақтылығы мен әділеттілік қағидаттарын орнықтыруға бағытталғанын айтты. Оның айтуынша, енгізілетін өзгерістер азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, ашықтық пен есептілікті арттыруға ықпал етеді.
Аудан әкімінің орынбасары Таңат Нұрмағанбетов Конституция – елдің негізгі заңы әрі мемлекет дамуының берік тірегі екенін баса айтты. Ол референдум – әрбір азаматқа ел болашағына бейжай қарамай, өз таңдауын жасап, ортақ жауапкершілікті сезінуге берілген маңызды мүмкіндік екенін жеткізді. Сонымен қатар, алдағы саяси науқанның ашықтық, жариялылық және заңдылық қағидаттарына сай өтетініне тоқталды.
Кездесу барысында «Бейнеусусервис» мекемесінің қызметкерлері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Қатысушылар тарапынан әлеуметтік кепілдіктер, еңбек құқықтары, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мен қоғамдық бақылау мәселелері көтерілді. Спикерлер барлық сұрақтарға нақты әрі мазмұнды жауап беріп, реформалардың түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру және әділетті қоғам құру екенін атап өтті.