Бейнеуде VIII "Ақ бидай" ауыл спорты ойындарының қатысушыларына құрмет көрсетілді

Бейнеуде VIII “Ақ Бидай” облыстық ауыл спорты ойындарында жеңімпаз атанған Бейнеу ауданының құрама командасының бапкерлерімен кездесу өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Аудан әкімі Рахымжан Шалбаев “Ақ Бидай” ауыл спорты ойындары – дәстүрлі түрде төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын ірі спорттық дода екенін атай келе, бұл ойындардың жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, спортты дамытуға, жас дарындарды шыңдауға және ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға бағытталғанына тоқталды.
Биылғы жарыста Маңғыстау облысының барлық бес ауданынан 700-ден астам спортшылар қатысып, өзара бақ сынаған. Аталған дүбірлі бәсекеде Бейнеу ауданының құрама командасы үздік нәтижеге қол жеткізіп, жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болып отыр. Бұл жеңіс – аудан спортының дамуы жолындағы еңбектің, спортшылардың қажырлы жаттығулары мен бапкерлердің еңбегінің жемісіне дәлел.
Кездесу барысында аудан әкімі спортшыларды тарихи жеңістерімен шын жүректен құттықтап, олардың табандылығы мен ерік-жігерін жоғары бағалады. Сондай-ақ, ол ауыл спорты ойындарының тарихына тоқталып, аудан атынан бұған дейін қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізген ардагер спортшыларды еске алды.
«Бейнеу ауданы қашанда спортты дамытуды басты назарда ұстайды. Сіздердің бүгінгі жеңістеріңіз – ауданымыздың абыройын асқақтатып қана қоймай, өскелең ұрпаққа үлгі болады. Алдағы уақытта да спорт саласына қолдау көрсетіп, жүйелі жұмыс жалғаса береді. Командалық жарыста 4 алтын, 5 күміс, 7 қола медалға ие болып, Бейнеу құрамасы 24 жылдан “Ақ Бидай” ойындарының жеңімпазы атанып, аудан спортының дәрежесін тағы бір биікке көтерді», – деді аудан әкімі.
Жиында Рақымжан Ысқақұлы спортшыларға өз атынан алғыс хаттар табыстап, олардың жұмыстарына табыс тіледі. Өз кезегінде спортшылар да аудан басшысына көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіріп, ризашылығын жеткізді.
