Ақтауда бір мектепте 16 бірінші сынып ашылды

Маңғыстау облысында жаңа оқу жылы қарсаңында 157 мектеп өз жұмысын бастады. Биыл өңірде 213 662 оқушы білімін жалғастыруда. Оның ішінде шамамен 19 мың бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Былтыр облыста 8 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, биыл Білім күніне орай Ақтау, Мұнайлы, Бейнеу және Түпқараған аудандарында жалпы сыйымдылығы 3600 орындық 5 заманауи мектеп ашылды.
Жаңа білім ошақтарының төртеуі «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында салынса, біреуі демеушілердің қаражаты есебінен тұрғызылды. Бұл бастама нәтижесінде Мұнайлы және Түпқараған аудандарында үш ауысымды оқу мәселесі толық шешіліп, бір апатты мектептің орны жабылды.
Облыстағы білім беру инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Бірінші триместрде тағы 5 жаңа білім нысанын ашу жоспарланған.
Ал бірінші сыныптардың санына келсек, бұл тұрғыда көш бастап тұрған – Ақтау қаласындағы №32 мектеп: мұнда бірден 16 бірінші сынып («А»-дан «Л»-ға дейін) ашылды. Екінші орында – Мұнайлы ауданындағы №15 мектеп: 15 сынып («А»-дан «Қ»-ға дейін). Ал үшінші орынды Бейнеу ауданындағы мектеп (11 бірінші сынып, «А»-дан «И»-ге дейін) пен Жаңаөзендегі №8 мектеп (10 бірінші сынып, «А»-дан «З»-ға дейін) өзара бөлісті.
