«Бейнеу – Маңғыстау» теміржол учаскесін жаңғырту жұмысы басталды
Нұргүл Алясова
|
19.08.2025 11:56

Қазақстан теміржолшысы
«Бейнеу – Маңғыстау»теміржол учаскесін жаңғырту жұмысы басталды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды otpannews.kz.
— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Мойынты – Қызылжар», «Алтынкөл – Жетіген», «Бейнеу – Маңғыстау»учаскелерінің құрылысы мен оларды жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл жобалар еліміздің өткізу қабілетін арттыруға бағытталып отыр. Оларға бақылауды күшейтіп, уақтылы пайдалануға беру қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет отырысында Премьер-министр «Шығыс-Батыс» бағыты бойынша темір жолмен транзиттік тасымал көлемін арттыра түсу керек екенін де атап өтті.
— Мемлекет басшысы Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту бойынша нақты міндеттер қойды. Теміржол тасымалы нарығы жыл өткен сайын бәсекеге қабілетті болып келеді. Осы ретте, транзиттік хаб ретінде позициямызды нығайту үшін біз инфрақұрылымның мүмкіндіктерін белсенді түрде арттыруымыз қажет. «Осал тұстарды», атап айтқанда шекара маңындағы аудандардағы талапқа сай келмейтін жерлерді ретке келтіру қажет. Транзиттік тасымалдау көлемін, әсіресе «Шығыс — Батыс» бағыты бойынша арттыра түсу керек, — деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ биыл «Достық – Мойынты» (836 км) және «Алматы қаласының айналма жолы» (75 км) сияқты ірі жобаларды іске асыру аяқталатыны, «Дарбаза – Мақтаарал» (2026г.), «Бақты – Аягөз» (2027г.) теміржол желілері салынып жатқаны айтылды.
83

Комментарии
Комментарии
Нет комментариев