Ақтауда жасанды интеллект және адам құқығы мәселесі талқыланды
OTPANNEWS.KZ - Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде «Цифрлық дәуірдегі конституционализм: адам құқықтары, технологиялық сын-қатерлер және жаңа кепілдіктер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Жиында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жағдайында адам құқықтарын қорғау, жеке өмірге қол сұғылмаушылықты қамтамасыз ету және азаматтардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін сақтау міндеттері кеңінен талқыланды.
Халықаралық ғылыми басқосудың негізгі мақсаты - цифрлық дәуірдегі конституциялық құқықтың даму бағыттарын талдау, адам құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін қарастыру, заң үстемдігін нығайту және отандық әрі шетелдік ғалымдар мен заңгер-мамандар арасында тәжірибе алмасу.
Ауқымды шараның өзектілігі мен маңыздылығы туралы Құқық және халықаралық қатынастар факультетінің деканы Бағдат Әуешова айтты.
«Конференция қоғам үшін өзекті тақырыпқа арналған. Себебі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамып келеді. Осыған байланысты отандық және шетелдік профессорлармен бірлесе отырып, осы мәселені талқыладық. Университетте өткен халықаралық ғылыми конференцияда жасанды интеллекттің әсері де сөз болды», - деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ғылыми алаңдар құқық ғылымының дамуына үлес қосып қана қоймай, болашақ заңгерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға және олардың заманауи құқықтық мәселелерге деген көзқарасын қалыптастыруға зор мүмкіндік береді.
Конференция барысында айтылған ұсыныстар мен сарапшылардың пікірлері еліміздің құқықтық жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ цифрлық қоғамның қауіпсіз әрі әділетті дамуына өз ықпалын тигізбек.