Республика күніне орай медицина қызметкерлері марапатталды
OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязовтың қатысуымен 25 қазан – Республика күніне орай денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты жиынға медицина саласының ардагерлері мен мамандары қатысты.
Ғалымжан Ниязов медицина қызметкерлерін ұлттық мерекемен құттықтап, халық денсаулығын сақтау жолындағы жауапты еңбектеріне алғыс білдірді.
- Еліміздің басты байлығы – адам, ал халықтың амандығы мен ұлт саулығы – мемлекеттің ең қымбат қазынасы. Сондықтан медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығын қорғау – ел дамуының маңызды басымдықтарының бірі. Бүгінде Маңғыстау облысының денсаулық сақтау саласында 8 мыңға жуық медицина қызметкері еңбек етеді. Өңірде биыл 28 маманға жалпы көлемі 144 млн теңге көтермеақы мен әлеуметтік қолдау көрсетіліп, 2026–2027 оқу жылына 136 грант бөлінді. Өткен жылы 366 дәрігер біліктілігін арттырып, медицина мамандарына арналған 21 пәтер сатып алынды. Жыл басынан бері өңірде 11 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Салтанатты шарада медицина қызметкерлері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық наградаларымен, «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен, министрліктің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар медицина саласының үздіктеріне Санжар Асфендияров атындағы арнайы төсбелгі, «Университет мақтанышы» медалі, «Ардагер» және «Авиценна» төсбелгілері табысталды.