Ақтауда Республика күніне арналған мерекелік жиын өтті
АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – Республика күніне орай ұйымдастырылған «Еңселі елім – Қазақстан» атты салтанатты жиынға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, жиналған қауымды ұлттық мерекемен құттықтады.
-Республика күні - халқымыздың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрін жаңғыртып, ата-бабаларымыздың азаттық туралы асқақ арманын айшықтайтын тарихи мереке. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесінің қайтарылуы - тарихи жадымызды жаңғыртып, ұлттық рухымызды нығайтқан маңызды қадам. Бүгінде біз бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалған тәуелсіз елде өмір сүріп отырмыз. Ендігі міндет - егемендігімізді нығайтып, еліміздің болашағы үшін бірлесе еңбек ету, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Іс-шара Қазақстанның мемлекеттілік тарихын ұлықтауға, ел тәуелсіздігінің маңызын дәріптеуге және ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналды.
Мерекелік жиынның алдында Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған «Тәуелсіздік шежіресі: жаңғырған бейнелер» атты цифрлық көрме өтті. Ал үлкен залда елге танымал тұлғалардың бейнеқұттықтаулары көрсетілді.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын алып шығу рәсімімен басталып, Мемлекеттік Әнұран орындалды. Одан кейін облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай құттықтау сөз сөйлеп, мерекеге орай бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады.
Ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Мемлекеттік қызмет ардагері» ведомстволық төсбелгісімен Маңғыстау ауданы Қызан ауылы әкімінің аппаратының бас маманы Латипа Ақболатова мен Мұнайлы ауданы Баянды ауылы әкімінің аппаратының бас маманы Балерке Нұрболат марапатталды.
Бұдан бөлек, ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан үздік әкімдік аппараттары да марапатталды. «Үздік ауыл әкімінің аппараты – 2025» байқауында үшінші орынды Маңғыстау ауданы Ақтөбе ауылдық округінің әкім аппараты, екінші орынды Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылы әкімінің аппараты, ал бірінші орынды Жаңаөзен қаласындағы Рахат ауылдық округінің әкім аппараты иеленді.
Салтанатты жиынның ресми бөлімінен кейін мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды. Көрермендер А. Тарақұлы атындағы қазақ оркестрінің сүйемелдеуімен орындалған отандық және әлемдік музыка туындыларын тыңдады.