Шетпеде үш шағын ауданды сумен қамтитын жаңа нысан іске қосылды
OTPANNEWS.KZ – Маңғыстау ауданына қарасты Шетпе ауылында үш шағын ауданды ауыз сумен қамтамасыз ететін жаңа нысан пайдалануға берілді. 24 қазанда өткен салтанатты рәсімге облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов қатысты.
Жоба Ащыбұлақ-1, Ащыбұлақ-2 және Жаңаорпа-2 шағын аудандарында тұратын 5 мыңнан астам тұрғынның ауыз суға қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Құрылыс жұмыстары екі кезеңмен жүргізілді. Нәтижесінде 8 830 метр су құбыры тартылып, сегіз ұңғыма қазылды. Сондай-ақ су қоймалары мен су айдау станциясы салынды.
Бұған дейін аталған шағын аудандардың тұрғындары ауыз суды тасымалдау арқылы жеткізіп келген. Енді су Қарақұдық жерінде қазылған ұңғымалардан құбырлар арқылы беріледі.
Жаңа нысан Шетпе ауылының қолданыстағы сумен жабдықтау жүйесін де толықтырады. Бұған дейін елді мекен тұрғындары Көгез жеріндегі ұңғымалардан жеткізілетін суды пайдаланған. Қосымша су көзінің іске қосылуы ауылға берілетін ауыз су көлемін арттырып, сумен қамту тұрақтылығын жақсартуға мүмкіндік береді.
Іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов тұрғындарды сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету өңірдегі басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
– Тұрғындарды сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету – басым бағыттарымыздың бірі. Бүгінде облысымызда халыққа қолайлы өмір сүру жағдайын қалыптастыру үшін бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, елді мекендердің одан әрі дамуына да жол ашады. Осы іске үлес қосқан мердігер ұйымдарға, жауапты мекемелердің қызметкерлеріне және құрылыс жұмыстарына атсалысқан азаматтарға алғысымды білдіремін. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Ғалымжан Ниязов.
Жиында аудан ақсақалы Жұмағұл Селбаев та сөз сөйлеп, тұрғындарды жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтады. Ол ауыл халқы үшін сапалы ауыз судың маңызына тоқталып, нысанның ел игілігіне қызмет етуіне тілектестігін білдірді.
Салтанатты рәсім лента қиюмен аяқталып, жаңа сумен жабдықтау нысаны ресми түрде пайдалануға берілді.