«Маңғыстау» теміржол вокзалы: Қайта жаңғыртудан кейін не өзгерді?
OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстауда қайта жаңғыртудан өткен теміржол вокзалы ашылды. Үш қабатты кешеннің жалпы аумағы 9 мың шаршы метрден асады. Бұл бұрынғы ғимараттың аумағынан 11 есе үлкен.
Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, теміржол саласының ардагерлері, өңір тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Нұрдәулет Қилыбайдың айтуынша, вокзалды жаңғырту көлік инфрақұрылымын жаңартып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде теміржол вокзалдарын жаңғырту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгін осы бастама аясында «Маңғыстау» теміржол вокзалы жаңарып, халық игілігіне берілді.
Жеке өзім «Маңғыстау» вокзалын ең әдемі әрі бірегей нысандардың бірі деп санаймын. Теңізбен үндескен келбеті, заманауи сәулеті, ішкі және сыртқы бөліктерінің үйлесімділігі көз қуантады.
Маңғыстау теміржолының тарихында аянбай еңбек етіп, саланың дамуына үлес қосқан ардагерлерге ерекше алғысымды білдіремін. Жаңарған вокзал маңғыстаулықтар мен өңір қонақтарына сапалы қызмет көрсетіп, ұзақ жылдар бойы халық игілігіне қызмет етсін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Қайта жаңғыртудан кейін не өзгерді?
Бұрынғы вокзал ғимаратының аумағы 763,7 шаршы метр. Қазір кешеннің жалпы аумағы 9 мың шаршы метрден асады.
Вокзал тәулігіне 2 500 жолаушыға қызмет көрсетуге есептелген. Жазғы қарбалас маусымда бұл көрсеткіш тәулігіне 4 000 жолаушыға дейін жетуі мүмкін.
Келушілерге қолайлы жағдай жасау үшін ғимаратта алты лифт, екі эскалатор және бес траволатор орнатылған. Сонымен қатар күту залдары, билет кассалары, ана мен бала бөлмесі қарастырылып, қозғалысы шектеулі жолаушыларға қажетті жағдайлар жасалған.
Өңір тұрғындары да жаңарған вокзалдың ашылғанына қуанышты екенін білдіріп, алғыстарын жеткізді.
– Жаңарған вокзалдың кең әрі заманауи болғанына өте қуаныштымыз. Жолаушылар үшін барлық жағдай жасалған. Халыққа қажетті осы жобаның бастамашылары болған Мемлекет басшысы мен облыс әкіміне алғысымды білдіремін, – деді Маңғыстау ауылының тұрғыны Алуаш Уңғарова.
Ғимарат hi-tech стилінде безендірілген. Облыс әкімдігінің мәліметінше, қасбеттің витраждары мен сәулеттік элементтеріне Маңғыстау табиғаты мен Каспий теңізінің толқындары шабыт берген.
Вокзал аумағында 160 автокөлікке арналған тұрақ жасалып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Құрылыс жұмыстарын «АқжолҚұрылыс» ЖШС орындады.
Лента қию рәсімінен кейін вокзал жолаушыларға ресми түрде қызмет көрсете бастады.