Маңғыстауда Құбайдолла Махутовты еске алуға арналған кітаптың тұсаукесері өтті
OTPANNEWS.KZ. - Бүгін, 23 қазан күні геолог, ғалым әрі меценат Құбайдолла Махутовтың өмірі мен еңбегіне арналған «Өнегелі өмір өрнегі» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Жаңа кітапта Құбайдолла Махутовтың өмірбаяны, отбасы тарихы, ғылыми қызметі және Қазақстанның мұнай-газ саласының дамуына қосқан үлесі баяндалған. Сондай-ақ еңбекте ғалымды көзі көрген, бірге қызметтес болған және білім алған замандастарының естеліктері қамтылған.
Кітаптың авторы – Құбайдолла Махутовтың інісі Наурызбай Махутов. Оның айтуынша, бұл еңбек ағасының өмір жолын кейінгі ұрпаққа таныстыру және рухына тағзым ету мақсатында жарық көрген.
- Осыдан 5 жыл бұрын өмірден өткен Құбайдолла ағамызға арнап кітап шығардық. Бұл еңбек, ең алдымен, отбасымыздың тарихы мен өткенінен сыр шертеді. Сонымен қатар ағамыздың өмірбаяны, оны көзі көрген, бірге жұмыс істеген және бірге оқыған адамдардың естеліктері жинақталған. Сондықтан бұл кітапты ағамыздың рухына арнадым деп айта аламын, - деді Наурызбай Махутов.
Оның сөзінше, Құбайдолла Махутов геология саласында елеулі еңбек етіп, Қазақстандағы бірқатар мұнай кен орындарын ашуға және оларды игеруге үлес қосқан. Ғылыми ізденістерін геологиямен шектемей, астрономия мен космология бағыттарында да зерттеулер жүргізген.
Ғалым өз зерттеулері мен теорияларын халықаралық ғылыми ортада таныстырып, Бейжің, Рио-де-Жанейро, Милан, Лондон қалаларында және АҚШ-тың Флорида штатында ағылшын тілінде баяндамалар жасаған. Шетелдік ғалымдармен пікір алмасып, ғылыми байланыстар орнатқан.
Кітаптың тұсаукесеріне Құбайдолла Махутовты көзі көрген замандастары, әріптестері, ғылыми сала өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның мұнай-газ саласының мамандары қатысты. Жиында ғалымның өмір жолы, кәсіби қызметі мен ел дамуына қосқан үлесі туралы естеліктер айтылды.