Бас көлік прокуратурасы мен «Қазпошта» қылмыстың алдын алуға бағытталған бірлескен жоба іске қосты
Бас көлік прокуратурасы мен «Қазпошта» АҚ пошталық жөнелтілімдер арқылы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ортақ жобаны іске қосты, деп хабарлайды otpannews.kz прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл бастама қылмыстардың алдын алып, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
500 мыңнан астам қолданушысы бар QazPost.kz мобильді қосымшасында арнайы интерактивті бөлім пайда болды. Ол Бас көлік прокуратурасының ресми сайтына апарады. Бұл бетте есірткі заттары, қару-жарақ, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар, сондай-ақ сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді пошта арқылы жіберу мен алу үшін қандай қылмыстық жауапкершілік көзделгені туралы түсіндірмелер берілген.
Жоба аясында қолға алынған профилактикалық шаралар пошта жөнелтілімдері арқылы жасалатын заңсыз әрекеттердің алдын алуға және олардың санын азайтуға бағытталған.
Прокуратура мәліметінше, соңғы үш жылда көлік инфрақұрылымы нысандарында ҚР Қылмыстық кодексінің 286-бабы (айналымы шектелген немесе тыйым салынған заттарды контрабандалау) бойынша 235 қылмыс тіркелген.
Осыған байланысты құқық қорғау органдары азаматтарды посылка жөнелту және қабылдау кезінде сақ болуға шақырады. Кез келген күмәнді жағдай немесе заңсыз әрекет байқалса, бұл туралы дереу тиісті органдарға хабарлау қажет.
Бұл жоба азаматтардың қауіпсіздігін арттырып, пошта қызметін заңсыз мақсатта пайдаланудың алдын алуға маңызды үлес қосады.