Otpan News Logo

Маңғыстаудағы жерасты мешіттері ЮНЕСКО-ның мұра тізіміне үміткер ретінде ұсынылды

|
10.01.2026 18:31
Маңғыстаудағы жерасты мешіттері ЮНЕСКО-ның мұра тізіміне үміткер ретінде ұсынылды
Фото: Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану қорығы

Маңғыстаудағы Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан үпі, Бекет ата және Шопан ата сынды бес жерасты мешіті ЮНЕСКО-ның алдын-ала тізіміне енді, деп хабарлайды otpannews.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап. 

 

Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының мамандары аталған ескерткіштерді мұқият зерттеп, құжаттарын ЮНЕСКО өкілдеріне ұсынған. Нәтижесі келесі жылы белгілі болмақ. 

 

Қараман ата жерасты мешіті Маңғыстау ауданы, Шетпе селосынан 35 шақырым жерде орналасқан. Мешіт табиғи үңгірді пайдаланып салынған, үш бөлмеден тұрады: кіреберіс галерея, намаз оқитын зал және атаның сүйегі жерленген бөлме. Бұл қорым қазақтар арасында “анттасу” орны ретінде тарихи құндылыққа ие.


Сұлтан үпі мешіті Түпқараған ауданы, Таушық селосынан 30 шақырым жерде орналасып, 9 бөлмеден тұрады. Зираттан солтүстік-шығысқа қарай ойылып салынған мешіттің қабырғалары тастан жасалған, залдары биік күмбезді. Жақын жерде құдық бар, оның суы өте таза және дәмді.


Шақпақ ата жерасты мешіті XIV–XIX ғасырларға тән және қабырғалары жазулармен, суреттермен әшекейленген. Мешіт жанындағы қорым екі бөліктен тұрады: ежелгі түркімен және кейінгі қазақ кезеңдеріне қатысты жерлеу орындары.


Шопан ата жерасты мешіті Қарақия ауданы, Сенек селосынан 20 шақырымда орналасқан. Мешіт 12 шағын бөлмеден тұрады, әрқайсысы діни рәсімдерге, балаларды оқытуға немесе тұрмыстық қажеттілікке арналған. Ортаңғы залда Шопан-Атаның жерленген орны бар.


Бекет ата мешіті XVIII–XIX ғасырларға тиесілі, Қарақия ауданы, Сенек ауылынан 95 шақырымда орналасқан. Мешіт төрт бөлмеден тұрады, төрінде қасиетті сырық ағашы бар. Бекет ата - Маңғыстау, Үстірт және Атырау өңірінің данышпаны, халыққа шипа беруші емші, ұстаз және батыр тұлға.


ЮНЕСКО аталған мешіттердің тарихи, діни және сәулет мәнін жоғары бағалап, оларды Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу мүмкіндігін қарастырады. Маңғыстау мешіттері қазақ халқының рухани мәдениетінің және ортағасырлық сәулет өнерінің айрықша көрінісі болып саналады.


 

66
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!