Ата Заңымыз – Тәуелсіздіктің тірегі

Биыл – Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғанына 30 жыл. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Ата Заң – еліміздің демократиялық дамуының, құқықтық мемлекет құру жолындағы берік қадамының айқын көрінісі. Еліміздің көк туы тұғырында желбіреп, Ата Заңы үстемдік құрғалы , Қазақстан мемлекеті дүние жүзілік аренада өз орнын ойып тапты.
Конституция – мемлекеттің негізгі заңы ғана емес, ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының кепілі. Онда Қазақстанның егемендігі, аумақтық тұтастығы, мемлекеттік құрылымы мен басқару жүйесінің іргетасы қаланған. Ең бастысы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазына ретінде танылған.
Судья ретінде мен үшін Ата Заң – кәсіби қызметімнің басты бағдары. Конституцияның 77-бабында “Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады” деп нақты жазылған. Бұл норма – әділдік пен заңдылықты қамтамасыз етудегі басты ұстанымымыз.
30 жыл ішінде еліміздің сот жүйесі айтарлықтай дамыды. Азаматтардың құқықтарын қорғау, сот төрелігінің қолжетімділігі, ашықтығы мен әділдігін арттыру бағытында маңызды реформалар жүзеге асырылды. Бұл өзгерістердің бәрі – Конституцияда бекітілген қағидаттар мен құндылықтарға сүйенеді.
Қазіргі таңда сот жүйесіндегі ең үлкен реформа - кассациялық соттардың құрылуы, ол заң үстемдігінің бірден-бір көрінісі! Ата Заңымыз – уақыт сынынан өткен, халқымыздың даналығы мен ел бірлігінің жемісі. Ол – болашаққа бағдар беретін шамшырақ, әрбір қазақстандықтың жүрегінде құрметпен сақталатын қастерлі құндылық.
Конституция күні – баршамызға ортақ мереке. Бұл күн бізге тәуелсіздіктің қадірін, заңның үстемдігін және азаматтық жауапкершілікті еске салады. Ендеше, Ата Заңымызды ардақтап, ондағы қағидаттарды күнделікті өмірде берік ұстану – әрқайсымыздың парызымыз.
Құрметпен,
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бақытжанова Гүлажар Қоянбайқызы
