Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Ұлттық өнердің жаршысы – М. Әуезов театры Ақтауда

Otpan News
|
02.09.2025 11:13
Ұлттық өнердің жаршысы – М. Әуезов театры Ақтауда

Каспий теңізінің көгілдір жағалауында орналасқан, Маңғыстаудың мәңгілік тылсымымен үндескен Ақтау қаласы алдағы қыркүйек айында ұлттық өнердің ұлы керуенін қарсы алмақ. Қазақ руханиятының қара шаңырағы – М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры бұл жолы ел жүрегінен шалғай жатқан қасиетті өлкенің тұрғындарына өз өнерін тарту ету үшін арнайы гастрольдік сапармен ат басын бұрып келеді.Бұл — тек гастроль емес, бұл — рухани қайта түлеудің, өңірлер арасындағы мәдени сабақтастықтың жарқын көрінісі.


М. Әуезов театры — қазақ кәсіби театр өнерінің негізін қалаған, ұлттық мәдениеттің іргетасын бекіткен бірегей ұжым. Оның тарихы 1926 жылы Қызылорда қаласында, ұлы драматург Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебек» трагедиясымен басталды. Бұл — тек жаңа театрдың тұсауы кесері емес, тұтас бір халықтың өнер мен руханияттағы жаңа дәуірге қадам басуы еді.Бүгінде театр 100 жылдық мерейтойына қарай нық қадам жасап келеді. Осы тарихи межеге орай, ұжым Қазақстанның барлық аймақтарын, алыс-жақын шет елдерді аралап, көрерменмен жүздесуге, рухани байланысты жаңғыртуға ерекше мән беруде. Соның маңызды бір бағыты — Ақтау қаласындағы гастрольдік сапар болмақ.


Маңғыстау – тек табиғат пен бай жер қойнауымен ғана емес, тарихы терең, мәдениеті бай өлке ретінде де ерекшеленеді. Бұл өңір — көне түркі дәуірінен бастап, бүгінгі күнге дейін үздіксіз жалғасқан рухани және тарихи сабақтастықтың куәсі.«Мың ескерткіштің мекені» атанған Маңғыстау — сақ, ғұн, түркі тайпаларынан қалған тас мүсіндер мен қорымдар, жерасты мешіттері мен кесенелер арқылы өзіндік өркениет ізін айшықтап отыр. Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата сияқты рухани ордалар —қазақ дүниетанымының айқын көрінісі.Сондай-ақ, бұл өңір қазақ күй өнерінің бір тармағы — Маңғыстау күйшілік мектебінің ордасы. Абыл Тарақұлы, Есір Айшуақұлы, Қалдыбай, Қазанғап сынды күйшілердің өнері арқылы ел тарихы мен даланың үні домбыра тілінде сөйлеген.Салт-дәстүр, жыршылық дәстүр, қолөнер, зергерлік бұйымдар және ауыз әдебиеті үлгілері – Маңғыстау халқының ғасырлар бойғы мәдени мұрасының айнасы. Бұл аймақ тек мұра сақтаушы ғана емес, сол мұраны бүгінге жеткізуші және жаңғыртушы орталықтардың бірі.


Маңғыстау — дарынды ұлыларды дүниеге әкелген киелі өңір. Сол маңдайалды тұлғалардың бірі — қазақ өнерінің абызы, Қазақ КСР халық артисі,әйгілі актер Нұрмұхан Жантөрин. 1952-1988 жылдар аралығындаМ. Әуезов театрының сахнасында 40-тан аса күрделі образды сомдап, өз дәуірінің ең биік драмалық актері дәрежесіне көтерілді.Оның әр рөлі — тереңдік пен шынайылықтың символына айналды. Абай, Қарагөздегі Нарша, «Еңлік-Кебектегі» Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландыдағы» Қобыланды, «Айман-Шолпандағы» Жарасбай сияқты ұлттық бейнелер — театр өнерінің алтын қорында сақталды.Нұрмұхан Жантөрин — Ақтаудың ғана емес, тұтас қазақ халқының мақтанышы. Ол қалдырған рухани мұра мен өнер биігі — бүгінгі сахна саңлақтары үшін өлшеусіз мектеп, сарқылмас шабыт бұлағы.Осындай дара да дана тұлғаны өмірге әкелгенМаңғыстау жұртшылығына, қазақ сахна өнерінің алтын қорына үлес қосқан бұл топыраққа қазақ халқы мәңгі тағзым білдіреді.


Осылайша, театрдың ғасырлық шежіресінде өшпес із қалдырған тұлғаның туған жеріне сапар шегу — біз үшін мәртебе, ал сол өнер ордасының бүгінгі тынысын Ақтау жұртшылығына паш ету — үлкен жауапкершілік.Театр ұжымы 2025 жылдың 10-14 қыркүйегі аралығындақаланың қос бірдей рухани ордасында – Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры мен Абай атындағы Мәдениет үйінің сахналарында өнер көрсетпек.


10 қыркүйек күні – көрерменге ұлы суреткер Ғ. Мүсіреповтің классикалық туындысы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясы ұсынылады. Бұл пьеса М. Әуезов театрының репертуарында алғаш рет 1939 жылы сахналанған. Сол уақыттан бері спектакль бірнеше рет жаңаша режиссерлік шешіммен қайта қойылып, түрлі буынның сахна шеберлері Қозы, Баян, Қодар, Жантық сынды кейіпкерлер бейнесін сомдап шықты. Әр кезеңде әртүрлі көркемдік тілмен сахналанған бұл шығарма театр тарихының алтын қорынан орын алған. Соңғы нұсқасы — бүгінгі заман талғамына сай көркемдік тәсілдермен түрленіп, жастар мен аға буынды қатар баурайтын мазмұндық тереңдігімен ерекшеленеді.Ұлттық бояуы қанық, көркем тілмен көмкерілген қойылымда махаббат пен өшпенділік, үміт пен өкініш, арман мен ажал арпалысады. Қозы мен Баян арасындағы кіршіксіз сезім – адам жанын терең толқытып, өмір мен өлім, тағдыр мен таңдау туралы үлкен ойларға жетелейді. Бұл – әр буын үшін қайта-қайта көріп, сырын жаңаша ашуға лайық шоқтығы биік туынды.


11 қыркүйек күні ән мен сағынышқа тұнған, Шәмші әндерінің рухымен өрілген И. Сапарбайдың «Сыған серенадасы» мюзиклі сахналанады. Композитордың өміріндегі шынайы махаббат оқиғасы мен шабыттың сыры көркем шешіммен бейнеленеді.2004 жылы алғаш сахналанғанына қарамастан, қойылым күні бүгінге дейін көрермен жүрегінен өз орнын жоғалтқан емес. Шәмшінің жүрек қылын тербеткен ғажайып әндеріне деген махаббат кеміген жоқ, қайта, жыл өткен сайын артып келеді. Спектакль барысында фонограмма емес, артистердің табиғи дауысы арқылы жанды музыкалық сүйемелмен орындалған әндер көрерменге ерекше әсер сыйлайды. Шәмші ролін сомдайтынБекжан Тұрыс – өзінің вокалдық техникасымен ғана емес, домбырадағы сыршыл сүйемел арқылы да өнерсүйер қауымды тәнті етіп жүрген сирек дарын иесі. Қойылым барысында жұртшылыққаҚалдаяқовтың жан әлеміндегі беймәлім сырлар, өмірінің бұрын-соңды айтылмаған сәттері сахна тілінде көркем өрнектеледі.


Сол күні заманауи бағыттағы спектакль – М. Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясы көрермен назарына ұсынылады. Бұл – отбасылық қарым-қатынас, жауапкершілік пен сенім туралы ащы шындықты әзілмен жеткізетін спектакль.


12 қыркүйекте әке мен бала, қария мен қоғам арасындағы терең байланыс туралы психологиялық «Жан әке» драмасы сахналанып,кешкі уақытта шынайы да нәзік эмоциялар патшалық құратын — «Сезім хаттары» лиро-эстетикалықкешіөтеді.


13 қыркүйек күні «мәңгілік бірге боламыз» деп серттескен Бүркіт пен Бәтестің қилы тағдыры арқылы, сол кезеңнің аумалы-төкпелі өмір шындығын бейнелейтін, халықтың басынан кешкен тарихи-саяси оқиғаларын қозғайтын Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» драмасы сахналанады. Спектакльдегі Мауытбаев бейнесі — қазақ руханиятының көрнекті өкілі Жүсіпбек Аймауытовтың прототипі ретінде алынған. Қоғам мен ел болашағы үшін аянбай еңбек етіп, ұлттың дербес мемлекет болуын армандаған қайраткер тұлға шығармада сол дәуірдің көзқарасымен шебер бейнеленеді.Қойылымның режиссері Әубәкір Рахимов – әрбір туындысында заман мен адам болмысын, көркемдік танымды тереңінен ашуға ұмтылатын суреткер. Оның сахналық шешімдері бүгінгі көрерменнің эстетикалық талғамына толық жауап бере алады. Режиссер үшін адамгершілік қағидалары мен махаббаттың мәңгілік құндылығы – көрерменнің рухани жан-дүниесін байытатын басты идея. Бұл тұрғыда «Мөлдір махаббат» спектаклі – сол ізгі ниеттің көрінісі.


14 қыркүйек күні көрермен назарына заманауи қоғамның өзекті мәселелерін көтеретін М. Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек» драмасы ұсынылады. Қойылымда жалғыз ұлы кездейсоқ жол апатына себепкер болған ерлі-зайыптылардың ұлын құтқару үшін шындық пен заңнан емес, пара мен таныстықтан көмек іздеп, адасқан әрекеттері суреттеледі. Соңында аналық жүрек баласының болашағы үшін өзін құрбан етіп, «тендерге түседі». Барлығы үшін есеп түгелденгенмен, ар мен ұят жолында жанын қояр отағасы ғана өз үйінен безіп, тағдыр тәлкегіне тентіреп кетеді.«Бала үшін жанпида» дейтін ата-аналық ұғым бұл туындыда жаңа қырынан қарастырылады. Біраққұрбандықтың арқауында шаңырақты шайқалтып, бүкіл отбасылық құндылықтардың күл-талқанын шығаратын ауыр салдар жатқанын драма тереңінен көрсетеді. Қайғылы сәттерде әр кейіпкердің ішкі жан әлемі ашылып, пенделік пен парасат, шындық пен жалғанның күресі шиеленісе түседі. Бұл — адамгершілік пен отбасы ұстанымына, ар мен иманға үн қатқан, жан дүниені тербететін психологиялық қойылым.


Осындай мазмұнды спектакльдермен көрерменге ой салу— М. Әуезов театрының басты миссиясы.Қазіргі жоғары технологогиялар дәуірінде табиғилық пен шынайылықтың мекені болып қалған театр – мәдениетті, өркениетті, ізгі орта қалыптастыруда, адамгершілік және рухани қағидаларды нығайтуда ерекше роль атқарады.Жасампаз халқымыздың өнерін, ұлттық ерекшелігін жас ұрпақтың бойына дарытып, отандық мәдениеттің мәуе жаюына зор үлес қосып келе жатқан ұжымымыздың батыс өңірге мәдени сапарының мақсаты да осында жатыр.


10–14 қыркүйек күндері арасында өтетін әр қойылым — көрерменнің жан-дүниесін тербетіп, көркем ой мен сезімді қатар өрбітетін өнер мерекесі болмақ.Өз тарихында ұлылар сахнасынан өтіп, рухани парасатқа тәрбиелеген театр енді Ақтау көрерменін де терең сезімге бөлейді деп сенеміз.


Мұхтар Әуезов атындағы

Қазақ ұлттық драма театрының директоры,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері

Еркін Жуасбек Тілеуқұлұлы

71
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!