Аналар кеңесінің мүшелері референдумға барады
Маңғыстау облысында республикалық деңгейдегі барлық өңірдің онлайн қатысумен Аналар кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды қоғамдық коммуникация орталығы.
Кездесудің негізгі мақсаты – қазіргі қоғамда өтіп жатқан саяси науқанға аналардың көзқарасын білдіру, олардың ниеті мен қолдауын анықтау, сондай-ақ қабылданғалы отырған жаңа Конституцияның мазмұнындағы отбасылық құндылықтарға қатысты баптарды кеңінен насихаттау болды.
Жиынға еліміздің барлық өңірлерінен Аналар кеңесінің төрайымдары мен мүшелері қатысты. Отырыс барысында барлық өңірден келген аналар жаңа Конституциядағы неке туралы бапты толық қолдайтындарын білдірді. Олардың айтуынша, осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын қабылданған қолданыстағы Конституцияда «Қазақстан азаматтары отбасы құрады» деп жалпы түрде көрсетілген.
Маңғыстау облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Амангүл Жайылханованың аналар жаңа Конституциядағы неке нормасын және балалардың ата-анасына қамқор болу міндетін қолдайтынын атап өтті.
- Аналар қоғамдағы тәрбиенің рөлі мен отбасының бірлігін сақтау мәселелеріне ерекше тоқталды. Жаңа нормада неке әйел мен ер адамның арасындағы одақ екені нақты айқындалған. Бұл қазақ халқының ежелден қалыптасқан дәстүрі мен ұлттық құндылықтарына толық сәйкес келеді. Сондай-ақ жаңа Конституцияда кәмелетке толған балалардың ата-анасына қамқор болу міндеті көрсетілген. Бұл қоғамдағы отбасы институтын нығайтуға бағытталған маңызды қадам, деді Амангүл Жайылханова.
Жаңа Конституцияның жаңа нормасында неке әйел мен ер адам арасында құрылатыны нақты көрсетілген. Бұл қазақ халқының мыңжылдық тарихы мен дәстүріне, ұлттық құндылықтарына сай келетіні атап өтілді. Қазақ қоғамында неке әрқашан ер мен әйелдің арасында құрылған. Сондықтан аналар осы бапты қолдайтынын ерекше айтты.
Отырыстың барысында аналар өз пікірлерін ашық білдіріп, жаңа Конституциядағы отбасылық нормалардың қоғамдағы тұрақтылық пен үйлесімділікті қамтамасыз ететініне сенімдерін жеткізді. Сондай-ақ, олар ұлттық тәрбиені дәріптеу, жас ұрпақты ата-баба дәстүріне сай тәрбиелеу, отбасы құндылықтарын дәріптеу маңызды екенін атап өтті.