Ақтауда ветеринарлар жараланған аққуды емдеп жатыр
Ақтауда ветеринарлар жараланған аққуды аман алып қалуға тырысып жатыр. Құс ветеринарлық клиникаға шамамен екі апта бұрын жеткізілген. Аққудың сол жақ қанаты сынып, ауыр жарақат алған. Жараланған құсты қала маңындағы демалыс орындарының бірінің жанынан байқап қалған ер адам клиникаға әкелген, деп хабарлайды otpannews.kz.
Ветеринарлардың айтуынша, аққудың жағдайы өте ауыр болған. Қанаты қатты қанап, көзі де жарақаттанған. Мамандар мұндай жарақаттың қалай пайда болғанын нақты айта алмайды. Бұған дейін клиникаға жеткізілген аққулар көбіне иттердің шабуылынан зардап шеккен болса, бұл жолы тістеген іздер байқалмаған.
Клиника негізінен жыртқыш құстарды емдейтін болса да, дәрігерлер аққуға көмектесуден бас тартпаған. Уақытылы ота жасалмаса, құс тірі қалмас еді. Мамандар аққуға ота жасап, қанаты қалпына келтіріп, бекітіп қойған.
Отадан кейінгі алғашқы күндері аққу өздігінен тамақтана алмаған. Сол себепті оған дәрумендер салынған. Қазіргі уақытта аққу өзі жүріп, жүгері, жібітілген тары және көкөністерді жеп жүр.
Ветеринарлар құстың жағдайы күн сайын бақылауда екенін айтады. Егер жағдайы жақсарса, шамамен екі айдан кейін аққу қайтадан табиғи ортасына жіберіледі.