Ақтауда «Ұлы даланың қыздары» атты фотокөрме таныстырылды
Ақтауда фотограф Тимофей Старовойтовтың жасанды интеллект көмегімен жасалған «Ұлы даланың қыздары» атты фотожобасы көпшілік назарына ұсынылды. Көрме Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Автор өз шығармашылығында цифрлық технологияларды 2023 жылдан бастап қолдана бастаған. Көрмеде 20-ға жуық көркем туынды ұсынылды. Ол ұсынған туындыларда Маңғыстау өңірінің тарихи және табиғи көрікті жерлері аясында бейнеленген қыздардың образдары көрініс тапқан.
Экспозицияның басты ерекшелігі – оның ерекше безендірілуінде болып отыр. Барлық жұмыстар 8 наурыз мерекесін айшықтайтын 8 саны пішінінде жасалған инсталляция түрінде орналастырылғанын да ерекше атауға болады.
Көрмеде ұсынылған қыздардың бейнелері ұлы даланың өмірі мен болмысының нәзік қырларын бейнелейді. Көркем образдардың негізінде қазақ қыздарының мінезі, олардың сабырлылығы, еңбекқорлығы және дәстүрлі тұрмыс-салты көрініс тапқан.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл көрме цифрлық Қазақстан мемлекеттік бағдарламасының мақсаттарымен үндес. Жоба заманауи технологиялардың мәдени мұраны жаңа қырынан танытып, оны сақтап, насихаттаудың тиімді құралы бола алатынын көрсетеді.
Маңғыстау облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени-демалыс қызметі орталығының директоры Ақмарал Зейілованың айтуынша, жоба әйелдердің нәзіктігі мен ішкі күшін көркем түрде жеткізуді мақсат етеді.
«Халықаралық әйелдер күніне орай “Ұлы даланың қыздары” атты шығармашылық жоба дайындалды. Ақтаулық фотограф Тимофей Старовойтовтың жұмыстары алғаш рет кең аудиторияға ұсынылып отыр. Автор қыздардың күнделікті өмірдегі көркем бейнесі арқылы олардың нәзіктігін, ішкі сұлулығын және ерекше мінез-құлқын жеткізуге тырысқан. Әр жұмыста әйел болмысы мен дала мәдениетінің үйлесімі көрінеді», - деді ол.
Ал фотограф Тимофей Старовойтов жасанды интеллект көмегімен бір бейнені жасауға бір күннен бірнеше күнге дейін уақыт кетуі мүмкін екенін айтады. Нейрожүйелер арқылы Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұрасы мен табиғи көріністерін біріктіріп, тұтас көркем кеңістік қалыптастыру – күрделі әрі мұқият жұмысты талап етеді.
«Бұл жұмыстар – менің 16 жыл бойы ойымда жүрген арманымның нәтижесі. Оны шынайы өмірде жүзеге асыру үшін үлкен экспедициялар мен күрделі дайындық қажет болар еді. Алайда жасанды интеллект мүмкіндіктерінің арқасында ойымдағы образдарды жүзеге асырып, ұзақ уақыт бойы тек қиялымда болған картиналарды жасай алдым. Қызығы, бұл фотосессияға шынайы модельдер қатысқан жоқ. Цифрлық образдарды жасау кезінде кәсіби фотомодельдердің кейбір белгілерін пайдаланып, нейрожүйелермен жұмыс барысында оларды өзгертіп, толықтырып отырдым. Нәтижесінде көшпелі мәдениеттің рухын, дала кеңістігінің поэтикасын және әйел табиғатының нәзік әрі көпқырлы әлемін бейнелейтін шамамен 50 жұмыс жасалды», – деді ол.