Ақтауда Шәкір Жексенбаевтың 125 жылдығына арналған республикалық конференция өтті
Маңғыстауда тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен қазақтың қаһарман ұлы, тұңғыш генералдардың бірі Шәкір Жексенбаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған «Шәкір Жексенбаев: тұлға, ерлік және тарихи сабақтастық» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Конференцияның негізгі мақсаты - қазақ тарихында өзіндік орны бар жетекші тұлға Шәкір Жексенбаевтың ерлігін бүгінгі ұрпаққа насихаттау. Сонымен қатар, оның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы және соғыстан кейінгі кезеңдегі әскери элита офицері ретіндегі еңбегін кеңінен таныту.
Ауқымды жиынға Астана, Алматы, Орал, Шығыс Қазақстан және Атырау өңірлерінен келген отандық ғалымдар қатысты. Жалпы саны тоғыз ғалым баяндама оқып, тарихи тұлғаның өмір жолы, әскери қызметі мен ел тарихындағы орны туралы ғылыми тұжырымдарын ұсынды. Конференцияға тарих, филология және ауыл шаруашылығы мен медицина ғылымдарының докторлары мен профессорлар қатысты.
Конференция бірнеше бөлімнен тұрды. Алғашқысы - Маңғыстау облыстық музейі мен Батыс Қазақстан музейі бірлесіп ұйымдастырған «Шәкір Жексенбаев: ерлік тұлға және тарихи сабақтастық» көрмесі. Көрмеге 60-тан астам жәдігер қойылып, батырдың өмір жолын айқындайтын фотоқұжаттар, әскери киімі мен сирек тарихи деректер көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде Шәкір Жексенбаевтың әскери кителінен бастап, бүгінгі Маңғыстау өңіріндегі генералдардың формасына дейінгі рухани әрі әскери жалғастық кеңінен көрсетілді.
Пленарлық отырыс әскери форматта ұйымдастырылып, облыстағы 11 әскери бөлімнен сарбаздар шақырылды. Іс-шараға генералдар кеңесінің мүшесі генерал Шаймұрат Отарбаев пен облыстық полиция департаментінің басшысы Сағындық Күзембаев қатысты.
Конференция барысында «Шәкір Жексенбаев – алғашқы генерал» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Кітап авторы Абай Орынбаев арнайы қатысып, еңбектің жазылу тарихы мен зерттеу жұмыстары туралы айтып берді. Сондай-ақ іс-шара аясында Шәкір Жексенбаевтың мерейтойлық медалі табысталды. Марапатты генерал Шаймұрат Отарбаев салтанатты түрде ұсынып, тарихи тұлғаның мұрасын насихаттап жүрген бірқатар азамат арнайы марапатқа ие болды.
Ә.Кекілбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Эльвира Абланова конференцияның негізгі мақсаты Шәкір Жексенбаевтың ерлігін ұрпаққа насихаттау екенін атап өтті.
Негізгі мақсат - қазақ тарихындағы өзіндік орны бар тұлға Шәкір Жексенбаевтың ерлігін бүгінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау. Оның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы және одан кейінгі әскери қызметін көрсету арқылы жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу. Сонымен қатар, оның өмір жолы мен еңбегін тереңірек таныстыру, - деді Эльвира Абланова.