Маңғыстау полициясы: Табиғи және тарихи ескерткіштерді бүлдіргендер бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Маңғыстау облысында туристік маусымның басталуымен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, бірегей табиғи ландшафттар мен тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтауға, сондай-ақ демалушылардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Бақылаудың күшейтілуі жауапты әрі экологиялық туризм мәдениетін қалыптастыру, сонымен қатар аймақтың имиджі мен қоршаған ортаға зиян келтіретін құқық бұзушылықтардың алдын алу қажеттілігінен туындап отыр, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мониторинг нәтижелері демалыс орындарындағы ерсі қылықтарды, соның ішінде рұқсат етілмеген іс-шаралар ұйымдастыруды, қатты музыка қоюды, аумақты ластауды, сондай-ақ табиғи және тарихи нысандарға жазу жазып, зақым келтіру фактілерін жиі тіркеуде. Мұндай әрекеттер өңірдің экожүйесіне тікелей нұқсан келтіріп, бірегей табиғи кешендерді бұзады және Маңғыстау облысының туристік тартымдылығына кері әсерін тигізеді.
Құқық қорғау органдары мен құзырлы мемлекеттік құрылымдар аталған құқық бұзушылықтар үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде, ал бір жыл ішінде қайталанса – 30 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Табиғи және тарихи-мәдени нысандарды бүлдіру, оның ішінде жазулар мен суреттер салу фактілері вандализм ретінде бағаланады және ҚР Қылмыстық кодексінің 294-бабы бойынша бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаға әкеп соғады.
Туристік аймақтарда құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрақты түрде рейдтер мен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, өткен демалыс күндері «Айрақты» табиғи нысанында кезекті заң бұзушылық анықталды: мұнда жеке отбасылық шара ұйымдастырылған. Аталған дерек бойынша тәртіп бұзушылар ӘҚБтК-нің 505-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.
Айта кетерлігі, облыс әкімінің өкіміне сәйкес, «Айрақты» аумағы табиғи қаумал санатына жатқызылған, онда табиғи, тарихи және ландшафтық нысандарды қорғаудың ерекше режимі орнатылған.
Тәртіп сақшылары облыс тұрғындары мен қонақтарын демалыс мәдениетін сақтауға шақырады: артыңыздан қоқыс қалдырмаңыз, табиғатқа ұқыпты қараңыз, жартастар мен басқа да нысандарға жазу жазбаңыз, тыныштық пен қоғамдық тәртіпті бұзбаңыз.
Белгіленген ережелерді кез келген бұзу әрекеті заң аясында қатаң тоқтатылатын болады.