Үкімет: Маңғыстау облысындағы «МАЭК»-тің екінші жылу электр орталығы жөндеуді қажет етеді
Үкімет отырысында жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов Энергетика министрлігінің ЖЭО жаңғырту жөніндегі баяндамасын тыңдады. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов «қызыл аймақта» қалған бес жылу электр орталығы бар екенін айтты, олар: Маңғыстау облысындағы «МАЭК» ЖШС ЖЭО-2, Абай облысындағы «Теплокоммунэнерго» МКК ЖЭО-1, Батыс Қазақстан облысындағы «Жайықжылуқуат» АҚ Орал ЖЭО, Қызылорда облысындағы «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК ЖЭО, Жамбыл облысындағы «Таразэнергияорталығы» АҚ ЖЭО.
Оның айтуынша, жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, әрбір станса бойынша жұмыс жоспарлары бекітілген, жөндеу науқаны Энергетикалық қадағалау комитеті тарапынан апта сайын қадағаланып, қаржыландыру көлемі 40%-ға артқан. Сондай-ақ Сұңғат Есімханов қазіргі қарқын сақталған жағдайда жыл соңына дейін барлық нысан «қызыл аймақтан» шығарылады деп жоспарланғанын айтты.