Ақтауда ардагерлерге құрмет көрсетілді
Ақтауда облыстық ақсақалдар кеңесінің ұйымдастыруымен әр салада еңбек еткен ардагерлердің құрметіне «Ардагерлерді ардақтайық» атты мерекелік іс-шара өтті. Игі бастама аясында еңбек ардагерлері мен Ақсақалдар кеңесінің мүшелері бас қосып, олар әлеуметтік және медициналық қызмет түрлерін тегін алды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Келген қонақтар алдымен «Достық үйі» музейін аралап, мәдени мұралармен танысты. Іс-шараға денсаулық сақтау басқармасы, Халыққа қызмет көрсету орталығы және әлеуметтік көмек мамандары келіп, ардагерлерге тиісті көмек көрсетті. Олардың қан қысымы өлшеп, глюкоза деңгейін анықтады. Дәрі-дәрмектерді тегін алу және портал арқылы емделу мүмкіндіктері туралы ақпаратты бөлісті.
Медициналық тексерумен қатар, ардагерлерге әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша да көмек көрсетілді. Зейнетақы жүйесі, мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақылар мен құқықтық кеңестер бойынша арнайы мамандар жұмыс істеді. Сонымен қатар, Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері келіп, қажетті анықтамалар мен электронды қызметтер бойынша сұрақтарға жауап берді. Бұл өз кезегінде қарттарға ешқайда бармай-ақ, барлық сұрақтарына бір жерден жауап алуға мүмкіндік берді.
"Бүгін ардагерлерге арналған іс-шара жоғары деңгейді өтті. Музейді араладық, дәрігерлер денсаулығымызды тексеріп, қажетті кеңестерін берді. Осындай іс-шараны ұйымдастырған облыстық ақсақалдар кеңесінің бастамасы дұрыс деп ойлаймын. Қаланы тұрғызу жолында қызмет көрсеткен ардагерлер бас қосып, мәре-сәре болдық. Дегенмен, барлығы бірдей келіп жатқан жоқ, олардың саны әлдеқайда көп еді",- деді құрылыс саласының ардагері Гилаж Сатыбалдиев.
Шара қорытындысы мерекелік дастарханмен жалғасты. Ардагерлерге дәмді тағамдар ұсынылып, домбыраның сүйемелдеуімен әсем ән шырқалды.
"Шақырылған қонақтар Ақтау қаласының іргетасын қалауға үлес қосқан, осы жолда қызмет көрсеткен мамандар. Қиындыққа қарамай Ақтау қаласының қазіргідей әдемі болуы үшін жұмыс істеген ардагерлерді жастар көрсе, білсе деген ниетпен ұйымдастырдық. Олардың еңбегі біз үшін орасан зор. Келген ардагерлер дәрігерлерден кеңес алып, әлеуметтік көмек бойынша тиесілі жәрдемақылары бойынша ақпарат алды. Бұндай іс-шаралар бүгінгі күнмен шектеліп қалмайды. Әлі де жалғасын табады. Мысалы бүгінгі іс-шараға денсаулығына байланысты келе алмай қалған ардагерлеріміз де бар. Біз оларға жеке-жеке барып, сый-сияпатымызды береміз",- деді облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңайбек Әбділов.