Otpan News Logo

Матрос Айболат Сұлтанхан қытай және қазақ тілдерінде еркін сөйлейді

|
05.05.2026 09:48
Матрос Айболат Сұлтанхан қытай және қазақ тілдерінде еркін сөйлейді

19 жастағы матрос Айболат Сұлтанханның десанттық шабуылдау батальонына әскери борышын өтеуге келгеніне бүгін – 23 күн. Ол Қытайдағы Алтай қаласында туып, 2024 жылы Қазақстанға келген. Қытайда туса да, Отаным – Қазақстан деп таныған сарбаз болашақта отбасын елге көшіріп әкелгісі келеді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Айболат мектепте қытайша, ал үйде қазақ тілінде сөйлеп өскен. Оның отбасында анасы мен інісі бар. 2024 жылы Алматыға нағашысына келіп, елде қалған бозбала 2025 жылы Қазақстан азаматы атанды. Ал биыл, 2026 жылы өз еркімен әскерге келген. 


“Мен – қазақпын, Отаным – Қазақстан. Әр ер жігіт – Отанына адал болып, борышын өтеу керек. Мен әскерге келгеніме мақтанамын. Мұндағы 1 жылым өткесін Алматыға ораламын. Сонда жұмыс істеп, анам мен інімді атамекенімізге көшіріп алғым келеді. Болашақта отбасын құрып, осы елде өсіп-өнсем деймін. Қазақтың қыздары – өте ақылды, әрі білімді келеді. Қазақ тілін толық білетін, елін сыйлайтын арумен бас қосамын деген ниетім бар”,- дейді Айболат Сұлтанхан. 


Айболат Қытай мен Қазақстандағы қазақтардың айырмашылығын да атады. Оның айтуынша, Қазақстандағы қазақтардың мінезі – тік, сөзі – қысқа келеді. 


“Мұндағы қазақтар өте тік мінезді келеді. Қытайда барынша жұмсақ етіп сөйлейді. Бірақ Қытайда да ұлттық дәстүрлеріміз сақталған. Бала күнімде айтыс жиі өтіп, бүкіл ауыл сонда асығатын. Біздер де сәби туғанда шілдехана тойын жасап, сүндет той, ұзату, үйлену секілді мерекелерді атап өтіп, жөн-жоралғыларды барынша сақтаймыз”,- дейді матрос Айболат Сұлтанхан.
51
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!