Үздік командир: “11 жаста әскери қызметші болуға шешім қабылдадым”
Ел шекарасының қауіпсіздігі тек құрлық пен әуеде емес, теңіздің терең қойнауында да қырағы күзетіледі. Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің құрамындағы ең таңдаулы бөлімшелердің бірі – су асты диверсияға қарсы күштер және су астын минадан тазарту ротасы. Бұл бөлімше – мемлекеттің стратегиялық нысандары мен су айдындарын сыртқы қауіптен қорғайтын ерекше жасақ. Рота командирі, капитан-лейтенант Жәнібек Саликбаев – заманауи әскери мектептен өткен білікті маман, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Ол Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» мектебінің түлегі және Қытай Халық Республикасындағы беделді Далянь теңіз үсті кемелер академиясының (Dalian Naval Academy) түлегі. Шетелдік тәжірибе мен отандық әскери мектепті қатар меңгерген командир бүгінде “Үздік командир” атағына ие.
“Сүңгуірлердің негізгі міндеті – лаңкестік топтардың кемелерді басып алуына жол бермеу, теңіз инфрақұрылымын қорғау және су астындағы миналарды залалсыздандыру. Біз Қазақстандағы осы бағыттағы жалғыз әрі ең жас ротамыз. Әскери сүңгуір болу – физикалық төзімділік пен психологиялық дайындықты талап етеді”,- дейді Жәнібек Саликбаев.
Қазақстандық сүңгуірлердің кәсібилігін шыңдау үшін халықаралық мамандармен жиі тәжірибе алмастырылады.Жәнібек Саликбаевтың айтуынша осы уақытқа дейін олар Қытай, Америка, Әзербайжан мен Бахрейн Корольдігі мамандарымен бірлесіп, оқу-жаттығулар өткізген.
Атап өту керек, Каспий айдынындағы стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін су асты диверсиясына қарсы күштер ротасы – еліміздің Қорғаныс саласындағы ерекше мақтаныш.