Ақтауда қоғамдық қауіпсіздік мәселелері талқыланды
Ақтауда Маңғыстау облысы Полиция департаментінде Қоғамдық кеңестің бірлескен комиссияларының көшпелі отырысы өтті. Кездесуге қалалық қоғамдық кеңес мүшелері, облыс ақсақалдары мен қоғамдық кеңесшілер қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жиын барысында қатысушылар департамент мұражайын аралап, жаңартылған материалдық-техникалық базамен танысты. Сондай-ақ қаланың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Жедел басқару орталығына экскурсия жасалды. Мұнда өткен жылы жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, техникалық жүйелер мен бағдарламалық қамтамасыз ету жаңартылған.
Қазіргі таңда жүйеге 1200-ден астам бейнебақылау камерасы қосылған. Ал департаменттің қарауында төрт мыңнан астам камера бар. Мамандардың айтуынша, оларды біртіндеп «Таргитай» бірыңғай платформасына қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде жүйеге 23 мыңнан астам камера біріктірілген.
Қазір бейнебақылау камераларын бірыңғай жүйеге қосу бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Бұл қоғамдық қауіпсіздікті бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді, – деді Маңғыстау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Әшірбеков.
Сонымен қатар өткен жылы облыстағы радиобайланыс жүйесі толық жаңартылған. Соның нәтижесінде байланыс облыстың ең шалғай елді мекендерінде де қолжетімді болды.
Кездесу барысында қатысушыларға полиция қызметінде қолданылатын арнайы техника, көліктер мен жабдықтар көрсетілді. Сондай-ақ жиында өңірдегі өзекті мәселелер де көтерілді.
Соның бірі – Түпқараған ауданындағы алкоголь сататын дүкендердің маңында жиі жиналатын адамдар мәселесі. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, олар дүкенге келген адамдардан, тіпті балалар мен оқушылардан ақша сұрап, тұрғындарға қолайсыздық туғызады.
Қазір бұл мәселе толық шешілген жоқ. Ол жерге жиналған адамдарды алып кетеді, бірақ 1–2 күннен кейін қайта оралады. Сондықтан бұл мәселе түбегейлі шешіледі деп үміттенеміз, – деді Түпқараған ауданының тұрғыны Айнагүл Байбатырова.
Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, жиында көтерілген барлық мәселелер бақылауға алынып, тиісті шаралар қабылданады. Мұндай кездесулер қоғам мен құқық қорғау органдары арасында ашық диалог орнатуға мүмкіндік береді.