Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Ақтауда халықаралық «OCEANMAN AQTAU 2025» жүзу жарысы басталды

Ақмарал Берекет
|
30.08.2025 15:43
Ақтауда халықаралық «OCEANMAN AQTAU 2025» жүзу жарысы басталды

30 тамыз күні Ақтау қаласында Каспий теңізінің жағалауында халықаралық «OCEANMAN AQTAU 2025» жүзу жарысы басталды, деп хабарлайды otpannews.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Ауқымды додаға 500-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Олар 500 метрлік балалар қашықтығынан бастап, 10 шақырымдық марафонға дейінгі төрт кезеңде бақ сынайды. Жарыс қорытындысы бойынша үздіктер OCEANMAN әлемдік сериясының ақтық кезеңіне жолдама алу мүмкіндігіне ие болады.


Бұл додаға қазақстандықтармен қатар Өзбекстан, Ресей, Мексика, Біріккен Араб Әмірліктері, Канада және Ұлыбританиядан келген жүзушілер де қатысуда. Жарыстың ашылу салтанатында Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Бекзат Жүсіп сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.


– Бұл жарыстың өтуі – Маңғыстау спорты үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды оқиға. OCEANMAN – әлемнің түкпір-түкпірінен спортшыларды тоғыстыратын бірегей жоба. Енді осындай дүбірлі доданы Ақтауда өткізу біз үшін үлкен мәртебе, – деді ол.


Айта кетейік, OCEANMAN – ашық суда жүзу бойынша әлемдегі ең ірі әуесқой жарыстардың бірі. Ерекшелігі – қатысушылардың кәсіби деңгейіне қарамастан, кез келген адамға қатысуға мүмкіндік берілуінде.


Әлемнің 20-дан астам әсем аймағында өтетін бұл жарыс Қазақстанда төрт жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Бұған дейін Алматы мен Қапшағайда өткен бәсекелерден кейін, биылғы дода Ақтауда өткізіліп отыр. «OCEANMAN QAZAQSTAN 2025» тек спорттық сайыс емес, сонымен қатар Каспий өңірінің туристік әлеуетін танытатын, Қазақстанның халықаралық беделін арттыратын маңызды шараға айналмақ.

84
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!