Ақтауда дәмханада соққыға жығылған қызға қатысты іс қайта тергелуі мүмкін
Ақтауда дәмхана қызметкері 24 жастағы Жансая Есенгелдиеваны соққыға жығып, шашынан сүйреуіне қатысты іс сотқа жетті. Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қайта қаралуы мүмкін, деп хабарлайды сот отырысына қатысқан otpannews.kz тілшісі.
Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы істі қайта саралау туралы өтініш білдірді. Айта кетейік, полиция департаменті аталған істі Қылмыстық кодекстің 109-бабының 1-бөлігі, яғни «Ұрып-соғу» дерегі бойынша тергеген.
Судья прокурордың өтінішін қанағаттандырып, істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу мәселесін шешу үшін Ақтау қалалық прокурорына жолдау туралы қаулы шығарды. Осылайша іс қайта тергелетін болды.
Қылмыстық Кодекстің 109-бабының 1-бөлігімен айыпталған қылмыстық құқық бұзушылық туралы қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу туралы мәселесін шешу үшін істі Ақтау қалалық прокурорына жіберілсін. Сотталушыға қатысты қолданылған «сотқа келу туралы» міндеттеме өзгеріссіз қалдырылсын. Қаулыға наразы жақтар он бес тәулік ішінде Маңғыстау облыстық сотына Ақтау қалалық соты арқылы жеке шағым, прокурор өтінішхат келтіруге құқылы, - деді судья.
Жәбірленуші тарап соттың бұл шешімімен толық келісіп отыр. Олардың айтуынша, бұл оқиғада тек ұрып-соғу ғана емес, бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену белгілері де бар.
Еске салайық, оқиға 31 желтоқсан күні болған. Жәбірленуші Жансая Есенгелдиеваның айтуынша, дәмхана әкімшісі үш ай бұрын шай төгіліп, үстел бүлінгені үшін 14 мың теңге төлеуді талап етіп, кейін оның ұялы телефонын тартып алған. Осыдан кейін жанжал туындаған.
Бейнебақылау камераларындағы жазбаларда дәмхана қызметкерінің қызды ұрып құлатып, кейін шашынан сүйреп сыртқа шығарғаны анық көрінеді. Оқиға видеосы әлеуметтік желіде тарап, қоғамда қызу талқыланды. Қыз балаға күш қолданған азаматтар жұртшылықтың қатаң сынына ұшыраған еді.