Ақсақалдар кеңесінің төрағасы таңдауын жасады
Бүгін барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауында Маңғыстау облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңайбек Әбділов сайлау учаскесіне таңғы 7:00-де келіп, өз таңдауын жасады.
Осыдан 31 жыл бұрын, яғни, 1995 жылдың 19 наурызында алты үміткердің арасынан 60,5 пайыз дауыс жинап, Ақтау қалалық мәслихатының депутаты болып сайланғанын тілге тиек еткен Оңайбек Әбділов депутаттық қызметтің жауапкершілігі мен халық алдындағы міндетінің маңызды екенін айтты.
– Депутаттық мандат дегеніміз халықтың сенімі мен аманаты. Сондықтан жаңа тарихи кезеңде сайланған депутаттардан күтеріміз мол. Ең бастысы, олар Конституция нормаларын құрметтеп, «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» қағидаттарын берік ұстанып, осы құндылықтарды қоғамда орнықтыруға үлес қосуы тиіс. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, ел мүддесін бәрінен жоғары қойып, депутаттық міндеттерін адал әрі абыроймен атқарады деп сенемін. Ел сенімін ақтау – ең үлкен абырой,-деді Оңайбек Әбділов.
Аға буын өкілі сайлауға қатысу азаматтық жауапкершіліктің маңызды көрінісі екенін атап өтіп, еліміздің болашағы жарқын, тәуелсіздігіміз тұғырлы болуына тілектестігін білдірді.