Маңғыстау облысында ресми тіркелген лудомандар жоқ – психикалық денсаулық орталығы

Құмар ойындарға тәуелділік, яғни лудомания – бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Бұл психологиялық және әлеуметтік дерт адамның қаржылық жағдайына ғана емес, отбасылық қарым-қатынасына, жалпы өмір сүру сапасына кері әсерін тигізеді. Әсіресе, кейінгі жылдары Қазақстанда, оның ішінде Маңғыстау облысында да ойынқұмарлықтың кең таралуы алаңдаушылық тудырып отыр.
Маңғыстау – өзіндік мәдениеті мен дәстүрін сақтаған аймақ болғанымен, мұнда да лудоманияға шалдыққан азаматтар саны артып келеді. Құмар ойындарға тәуелділікке көбіне қаржылық қиындықтар, жұмыссыздық, жеңіл ақшаға деген ұмтылыс және әлеуметтік факторлар себеп болуда. Кейбір ойыншылар бастапқыда ойын-сауық ретінде бастаса, уақыт өте келе бұл әдетке айналып, ауыр психологиялық тәуелділікке ұласады.
Аймақтағы нақты деректерге келсек, ресми статистика әзірге толық ашық болмағанымен, жергілікті мамандар мен сарапшылар құмар ойындарға тәуелділер санының артып келе жатқанын атап өтеді. Лудоманияның Маңғыстау облысына тән ерекшелігі – интернет арқылы бәс тігу мен жасырын ойын орындарының болуы. Кейбір тұрғындар тіпті заңсыз букмекерлік кеңселер мен онлайн-казинолардың тұзағына түсіп, қомақты қаражат жоғалтып жатыр.
Бұл мақалада otpannews.kz сайтының тілшісі Маңғыстаудағы ойынқұмарлықтың қазіргі жағдайына тоқталады.
Ойын бизнесіне қатысты ресми деректер
Ойын бизнесі – әлем бойынша қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Алайда оның реттелуі мен бақылауы қоғам үшін маңызды мәселе болып отыр. Қазақстанда құмар ойындарға қатысты белгілі бір заңнамалық шектеулер болғанымен, бұл саланы толықтай бақылау қиынға соғуда. Маңғыстау облысында да ойын бизнесіне қатысты жағдай күрделі болып отыр. Жергілікті құқық қорғау органдары заңсыз әрекеттерді анықтау және алдын алу мақсатында түрлі шараларды қолға алған.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, былтыр қаңтар айында облыс көлемінде 17 лотоклуб жабылған. Алайда қазіргі таңда белгісіз себептермен қайта ашылып, аты «Сәтті жұлдыз» болып өзгертіліп, саны 23-ке көбейген. Алайда бұл нүктелер ойын бизнесі саласында қызмет жүргізуге лицензия алған ресми бизнес субъектілері ретінде жұмыс істейтіндіктен, оларды жабу мәселесі ашық күйінде қалып отыр.
Ал экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, облыста сілтеме бұғаттайтын «Кибернадзор» деген жүйе бар. Былтыр 605 интернет-казинолардың сілтемелері бұғатталған. Сонымен қатар мектептер арасында 5-11 сыныптар арасында дәріс сабақтары өткізіліп жатыр. Атап айтқанда, департамент 1400 оқушыға қаржылық сауаттылық тақырыбында, лудомания жайында білім берген.
Бұл екі органның мәліметтерін сараласақ, ойын бизнесі саласында бір жағынан заңды түрде жұмыс істейтін мекемелер саны артып келе жатса, екінші жағынан интернет арқылы заңсыз ойындар көбейіп жатыр. Бұл заңсыз ойындардың көп жағдайда жасырын әрі қолжетімді болатыны – үлкен мәселе. Экономикалық тергеу департаментінің мәліметтері полиция ұсынған деректермен толық үйлеседі. Себебі полиция жабылған лотоклубтардың қайта ашылғанын айтса, экономикалық тергеу органдары заңсыз интернет ойындарының көбейгенін анықтауда.
Ойын бизнесіне қатысты ресми деректер Маңғыстаудағы ойынқұмарлықтың күрделі мәселеге айналып отырғанын көрсетеді. Лотоклубтар заң аясында жұмыс істесе де, оларды жабу мәселесі шешілмей отыр. Ал интернет казиноларға қатысты «Кибернадзор» жүйесі жұмыс істегенімен, мәселені толықтай шеше алмайды. Сондықтан құмар ойындармен күресу үшін кешенді шаралар, оның ішінде заңнаманы күшейту, құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру қажет.
Лудоманиямен күрес шаралары және психологиялық көмек
Лудомания – тек экономикалық немесе құқықтық мәселе емес, ең алдымен психологиялық тәуелділік. Сондықтан да бұл дертпен күресуде медициналық және психологиялық көмектің маңызы зор. Маңғыстау облысында ойынқұмарлықпен күресуге бағытталған түрлі бағдарламалар қолға алынғанымен, тұрғындардың басым бөлігі ресми түрде көмекке жүгінуден бас тартады.
Облыстық психикалық денсаулық орталығының мәліметінше, Қазақстанда ресми түрде 10 адам ғана өздерін лудоманбыз деп мойындаған, ал Маңғыстау облысында ресми тіркелгендер жоқ. Орталыққа келгендер есепке тұруды қаламайтын көрінеді. Биыл қаңтар айынан бастап жаңа заң шығып, консультативті есеп деген пайда болған. Қатысушылар бұл жерде жұмыс істей отырып, тегін ем ала алады. Былтыр желтоқсан айында өңірде оңалту бөлімшесі ашылып, қазір олар арнайы мамандарды оқытып жатыр. Оңалту бөлімшесі 20 адамға арналған, мұнда есірткі және ойынқұмарлыққа шалдыққандар 2 айдан 6 айға дейін ем ала алады. Орталық былтыр 6 мұнай саласына қатысты компаниялардың жұмысшыларына онлайн ақпараттық тренингтер өткізген.
Өңірімізде көп жастардың шоғырланған орны Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті болғандықтан, университеттің оқытушысы, психолог маманнан оқу орнындағы лудомания деректері туралы сұраған болатынбыз.
Психолог Алтынгүл Кенжебекқызының айтуынша, қоғамда лудоманиямен күресуге бағытталған науқандар ұйымдастыру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, сауалнама жүргізу және тренингтер өткізу - осының бәрі лудоманияның таралуын азайтады.
«Осы бағытта университетте студенттер арасында «жабық сауалнама» жүргізілді. Сауалнамаға қатысушылар - білім беру факультетінің студенттері (топ басшылары). Нәтижесінде бір студент ақша салып ойнау дерегі бойынша, тағы бір студент адам сезімін бұзатын компьютерлік ойындарға тәуелділік дерегі бойынша тіркелді. Сол студенттермен жеке жұмыстар жүргізіліп, сонымен қатар жатақхана студенттеріне тренингтер өткізілді. Осы орайда жүргізілген жұмыстар мен шаралардың оң нәтиже бергені, жастарға өзінің ұлттық құндылығын қастерлеуге, бағалап, зерттеуге, өзін өзі тануға арналған жұмыстар болды. Жастардың санасын шыңдап, ой-өрісін кеңейтіп, зиянды әрекеттерден тежеген құнды әдебиет ретінде «Ақсарбаз» және «Тәңір жауынгері» кітаптары болды», - дейді психолог.
Лудоманиямен күрес тек заңдық шаралармен шектелмеуі керек. Психологиялық көмек пен алдын алу жұмыстары қатар жүргізілгенде ғана нәтиже болады. Мамандардың айтуынша, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, халық арасында қаржылық сауаттылықты арттыру арқылы ойынқұмарлықтың алдын алуға болады. Сонымен қатар тәуелділікті мойындаған азаматтарға қолдау көрсететін арнайы бағдарламалар мен орталықтардың жұмысы күшейтілуге тиіс.
Лудомания – тек жеке адамның мәселесі емес, бүкіл қоғамға әсер ететін әлеуметтік дерт. Маңғыстау облысында құмар ойындарға тәуелділікпен күрес бойынша нақты шаралар қолға алынғанымен, мәселе әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Лотоклубтардың қайта ашылуы, интернет-казиноға қолжетімділік, жастардың бәс тігумен әуестенуі – бұл түйткілдің тереңдеп бара жатқанын көрсетеді.
Дегенмен атқарылып жатқан шаралар – мектептерде оқушыларға қаржылық сауаттылықты үйрету, оңалту орталықтарының ашылуы, ақпараттық жұмыстардың күшеюі – бұл мәселені шешуге бағытталған қадамдар. Жергілікті билік, құқық қорғау органдары мен қоғам бірлесе әрекет етсе, лудоманияның алдын алуға болады. Ең бастысы, азаматтардың өздері де бұл мәселеге бейжай қарамай, қаржылық сауаттылықтарын арттырып, ойынқұмарлықтан сақтану жолдарын іздеуі қажет.
