105 жастағы Сырғa әже мәслихат депутаттарының сайлауында дауыс берді
Бейнеу ауданының 105 жастағы тұрғыны, ғасыр жасаған кейуана Қалиева Сырға Тілеубайқызы мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс беріп, өз таңдауын жасады. Жасына байланысты дауыс беру рәсімі әженің тұрғылықты мекенжайында ұйымдастырылды.
Сырға Тілеубайқызы – талай тарихи кезеңнің куәсі болып, саналы ғұмырын еңбекпен өткізген, ұрпақ тәрбиелеп, ел құрметіне бөленген ардақты ана.
Дауыс беруден кейін ғасыр әже ақ батасын арнап, елдің ертеңіне қатысты ақ тілегін жеткізді.
«Ел іргесі аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын. Халқымыздың бірлігі бекем болып, еліміз өркендей берсін. Жастарымыз елге қызмет ететін саналы азамат болып өссін. Әр отбасына тыныштық пен құт-береке тілеймін», – деді Сырға әже.
Айта кетейік, сайлау учаскелерінен тыс жерде дауыс беру заңнамада белгіленген тәртіппен ұйымдастырылып, егде жастағы азаматтардың сайлауға қатысуына жағдай жасалды. Ғасыр жасаған Сырға әженің ел өміріндегі қоғамдық-саяси науқанға қатысуы – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.