Шаруа қыстауда отырып сайлауда өз таңдауын жасады
Маңғыстау өңірінің белгілі шаруасы, жақында Мемлекет басшысының қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алған Бауыржан Сейдахметов аудан мәслихаты депутаттарының сайлауында өз таңдауын жасады.
Шаруа жайымен орталықтан шалғайдағы қыстауда отырған азаматтардың да сайлауға қатысуына мүмкіндік жасалды. Сайлаушылардың өтініші негізінде Бекі елді мекеніндегі №184 сайлау учаскесінен жүрмелі жәшік жеткізіліп, дауыс беру ұйымдастырылды.
Бауыржан Сейдахметов сайлауға қатысу әр азаматтың міндеті әрі елдің ертеңіне деген жауапкершілігін білдіретінін атап өтті.
«Біз мал шаруашылығымен айналысқандықтан, көбіне қыстауда жүреміз. Дегенмен елдегі маңызды саяси науқаннан тыс қалмау керек деп есептеймін. Бүгін бізге қыстауға дейін жүрмелі жәшік жеткізіп, дауыс беруге мүмкіндік жасалды. Бұл – өте жақсы жағдай. Әр азамат өз таңдауын жасап, елдің дамуына, болашағына үлес қосуы керек. Сайлаудың маңызы зор, сондықтан жұртшылықты белсенді болуға шақырамын», – деді Бауыржан Сейдахметов.