Жаңа Конституция – дені сау ұлттың жарқын болашағы
Жаңа Конституцияда адам өмірі мен денсаулығына, құқықтары мен бостандықтарына басымдық берілуі – қоғам үшін маңызды қадам. Болашақ дәрігер ретінде мен үшін адам өмірінің құндылығы, денсаулық сақтау саласының дамуы және әр азаматқа медициналық көмектің қолжетімді болуы ерекше мәнге ие.
Денсаулық – адам өмірінің басты байлығы. Сондықтан Конституцияда азаматтардың денсаулығын сақтауға және заңда белгіленген көлемде медициналық көмек алуға құқығының бекітілуін маңызды деп санаймын. Әр адамның сапалы медициналық қызметке қол жеткізуі, тұрғылықты жеріне немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан, қажетті ем алу мүмкіндігі болуы керек.
Сонымен қатар білім мен ғылымды дамытуға қатысты ұстанымдардың маңызы зор. Себебі медицина саласы үнемі ізденісті, жаңа технологияларды меңгеруді және кәсіби білімді жетілдіруді талап етеді. Бүгінгі студенттер – ертеңгі білікті мамандар. Сондықтан жастарға сапалы білім алып, өз мамандығы бойынша дамуға мүмкіндік жасау ел болашағына салынған инвестиция деп білемін.
Мен жаңа Конституция еліміздің әлеуметтік дамуына, азаматтардың әл-ауқатының артуына және денсаулық сақтау саласының өркендеуіне оң ықпал етеді деп сенемін. Әр адамның өмірі мен денсаулығы басты құндылық саналатын қоғамда ғана жарқын болашақ қалыптасады. Сондықтан Ата Заңдағы жаңашылдықтарды қолдаймын.
Аяулым Мұхитқызы,
студент, болашақ дәрігер