103 жастағы кейуана өз таңдауын жасады
2026 жылғы 29 қарашада Мұнайлы ауданында өтіп жатқан мәслихат депутаттарының сайлауында ауданның ең қарт тұрғындарының бірі, 103 жастағы Сұлу Хұдайбергенова әжей де өз таңдауын жасады.
Қызылтөбе ауылдық округіндегі №206 сайлау учаскесінің сайлау комиссиясы мүшелері кейуананың үйіне арнайы барып, үйден дауыс беру рәсімін ұйымдастырды. Сайлау жәшігімен барған комиссия мүшелері әжейдің дауыс беруіне барлық қажетті жағдайды жасады.
Жүз жасаған ғұмырында талай тарихи кезеңнің куәсі болған Сұлу әжей ел ішіндегі маңызды оқиғаларға бейжай қарамай, азаматтық құқығын пайдаланып, өз таңдауын жасады.
Дауыс беру рәсімінен кейін ақ жаулықты әжей ақ батасын беріп, елдің амандығын, жұрттың тыныштығын, халықтың бірлігі мен берекесін тіледі.
«Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Халқымыздың бірлігі артып, берекесі тасысын. Ел басына бақ қонып, ұрпағымыздың болашағы жарқын болсын. Әр шаңырақта шаттық пен қуаныш орнасын. Алла елімізге тыныштық, халқымызға амандық берсін! Әумин!» – деп ақ батасын арнады.