Otpan News Logo

Жетібайда 9 мың тонна мұнай қалдығы сот шешімімен иесіз мүлік деп танылды

|
18.09.2026 09:28
Жетібайда 9 мың тонна мұнай қалдығы сот шешімімен иесіз мүлік деп танылды
Фото: МО экология департаменті

Қарақия ауданына қарасты Жетібай ауылының тұрғындары көтерген өзекті мәселелердің бірі – қараусыз қалған аумақтағы мұнай қалдықтарын жою мәселесі болып отыр. Аталған мәселені шешу бағытында бүгінгі таңда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.


Жетібай кенті әкімінің шешімі негізінде, «Оралэнергострой» ЖШС-не Жетібай кентінің аумағынан мұнай өнімдерінің қалдықтарын қайта өңдеу және жол-құрылыс материалдарын дайындау мақсатында 6,0790 гектар жер учаскесі 49 жыл мерзімге жалға алу құқығымен берілген.


Аталған аумақта «Оралэнергострой» ЖШС мұнай қалдықтарын жою жұмыстарын жүргізіп, шамамен 8 мың тонна мұнай қалдығын қайта өңдеген. 


Алайда соңғы жылдары компания шарттық міндеттемелерін тиісінше орындамаған және қоршаған ортаға елеулі зиян келтірген. Осыған байланысты Қарақия аудандық жер қатынастары бөлімі, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына «Уралэнергострой» ЖШС-не қатысты шешімнің күшін жою және жер учаскесін жалға беру шартын жарамсыз деп тану туралы талап арыз берген. Соттың шешімімен талап арыз қанағаттандырылған.


Сонымен қатар, сот шешімімен «Уралэнергострой» ЖШС-нен қоршаған ортаға келтірілген зиян үшін мемлекет пайдасына 651 681 600 теңге өндірілген.

Бұдан бөлек, Қарақия ауданы әкімінің аппараты «Уралэнергострой» ЖШС-не қатысты заңсыз иеленген 6,0790 гектар жер учаскесінде салынған құрылыстарды бұзу, жер учаскесін барлық мүліктерімен босату және төгілген мұнай өнімдерінің қалдықтарынан тазарту міндетін жүктеу туралы сотқа талап арыз берген.


Аталған талап арыз соттың шешімімен қанағаттандырылып, заңды күшіне енген және орындау үшін жеке сот орындаушыларына жолданған. Алайда Батыс-Қазақстан облысының Әділет департаменті борышкерден өндіріп алу мүмкін болмауына байланысты атқару құжатын кері қайтарған.


Қазіргі уақытта Жетібай ауылы аумағында бұрынғы «Уралэнергострой» ЖШС қызметінің нәтижесінде қалған шамамен 9 мың тонна мұнай қалдығы сот шешімімен иесіз мүлік деп танылып, ауданның коммуналдық меншігіне берілген және тиісті бөлімнің теңгеріміне қабылданған.


Аталған аумақты қалпына келтіру мақсатында рекультивациялау жобасын әзірлеу мәселесі қарастырылуда. Бұл ретте қажетті зертханалық зерттеулер мен жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізу қажет. 


Аталған объект бойынша аудандық бюджетте қажетті қаржы қаражаты қарастырылмаған. Осыған байланысты нысанды облыстық коммуналдық меншікке беру мәселесі қарастырылып жатыр.

13
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!