Otpan News Logo

Маңғыстауда «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны басталды

|
15.09.2026 09:49
Маңғыстауда «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны басталды

Маңғыстау облысында «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонын іске асыру бойынша жобалық офис өз жұмысын бастады. Бұл туралы брифингте Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали айтты, деп хабарлайды otpannews.kz.


Спикердің айтуынша, жобаны өңірде іске асыру мақсатында Маңғыстау облысының әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Жоба аясында өңірлік жобалық офис құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді.

- Марафон 2026 жылғы қыркүйек пен 2027 жылғы сәуір аралығында өтеді. Оған Қазақстанның барлық азаматы қатыса алады. Қатысушылар арнайы тізімге енгізілген 330 кітаптың ішінен өз бағытына сәйкес 15 кітап оқуы қажет. Шығармаларды қазақ немесе орыс тілінде оқуға мүмкіндік бар. Тізімде отандық авторлардың туындылары, әлем классикасы және заманауи әдебиеттер қамтылған. Жобаға қатысу үшін www.reading-nation.kz сайты арқылы тіркелу қажет. Әр кітапты оқығаннан кейін қатысушы жеке кабинетінде шығарма бойынша қысқаша пікір қалдырады. Сонымен қатар бейнепікір жариялау, оқу кестесін сақтау және пікірді белгіленген талаптарға сай уақытылы ұсыну арқылы қосымша ұпай жинауға болады, - деді Нұртас Сали. 

«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны Маңғыстау облысы бойынша жобалық кеңсе жетекшісі Зейнеп Тастемірованың айтуынша, марафон жеті бағыт бойынша ұйымдастырылады. Олар: «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және «Кітап оқитын зияткер».


- Жоба аясында қатысушылардың білімін тексеруге арналған тестілеу мен интеллектуалдық квиздер өткізіледі. Бағалау барысында шығармалардың мазмұнын білу, сюжет пен кейіпкерлерді түсіну, авторларды тану және оқылған туындыларды талдай білу деңгейі ескеріледі. Марафонның аудандық және қалалық кезеңдерінің жеңімпаздары наурыз айында анықталып, кейін облыстық кезең өтеді. Республикалық кезең сәуір айына жоспарланған, - деді Зейнеп Тастемірова.

Спикердің айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – кітап оқуды күнделікті өмір салтына айналдырып, тұрғындардың оқу мәдениетін қалыптастыру және қоғамда кітап туралы пікір алмасатын ортаны дамыту.

104
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!