Атом саласына маман даярлау: Қазақстан жастарға қандай мүмкіндік ұсынып отыр?
Қазақстанның жоғары оқу орындарында 2000 жылдан бері ядролық және атом энергетикасы саласында 4,5 мыңнан астам маман даярланды. Бұл туралы Атом энергиясы агенттігі Қазақстандық қамту департаментінің директоры Данияр Жансейітов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның айтуынша, салаға инженерлер, физиктер, энергетиктер, радиациялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік мамандары, ғалымдар мен құрылысшылар қажет.
«Қазір тиісті мамандар Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті және басқа да жоғары оқу орындарында даярланып жатыр. Сонымен қатар Ядролық физика институты мен Ұлттық ядролық орталығы студенттер мен жас мамандардың практикалық тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді. Бұл базаларда ядролық және радиациялық қауіпсіздік, реакторлық технологиялар, бұзбай бақылау және радиациялық мониторинг бағыттарында зерттеу жобалары мен тағылымдамалар ұйымдастырылады», деді ол.
Департамент басшысының айтуынша, кадр даярлау жүйесінде халықаралық тәжірибеге де мән берілмек. 2026 жылдан бастап атом саласының қызметкерлеріне арналған «Болашақ» бағдарламасының жеке санаты енгізіліп, жыл сайын 20 стипендия қарастырылған. Олар магистратура, докторантура және кәсіби тағылымдамаларға бағытталады. Бұдан бөлек, 2026 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша жалпы 635 стипендия және отандық ғалымдарға арналған «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы бойынша 250 орын бөлінген.
«Атом саласына кадр даярлау жөніндегі кешенді жоспар аясында кәсіби стандарттарды жаңарту, білім беру бағдарламаларын саланың қажеттіліктері мен МАГАТЭ ұсынымдарына бейімдеу, шетелдік университеттермен қос дипломды бағдарламаларды дамыту және жастарға кәсіптік бағдар беру жұмыстарын күшейту көзделіп отыр. Басты мақсат – мамандар санын көбейту ғана емес, білім, ғылым, өндірістік тәжірибе және халықаралық даярлықты біріктіретін ұзақ мерзімді кадрлық жүйе қалыптастыру», деді Данияр Жансейітов.