Ақтауда Оразмағанбет Тұрмағанбетұлына арналған ғылыми конференция өтіп жатыр
Бүгін Ақтау қаласында тарих және мәдениеттанушы ғалым, геолог Оразмағанбет Тұрмағанбетұлына арналған халықаралық ғылыми конференция өтіп жатыр. Ауқымды жиынға қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері, ардақты тұлғаның ұрпақтары, ғалымдар және Иран Ислам Республикасынан арнайы келген мәртебелі қонақтар қатысуда, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Конференцияның негізгі спикерлерінің бірі – Мұса Жоржани. Ол – Иран Ислам Республикасының белгілі жазушысы, тарих және мәдениеттанушы ғалым, ардагер журналист Мұса Жоржани қазақ даласынан шыққан алғашқы геолог-ғалым саналатын көрнекті Алаш қайраткері, ахун, ұстаз Оразмағанбет Тұрмағанбетұлына арнап «Қазақстанның ұлы тұлғасы» деген кітап жазған.
«Мен Оразмағанбет атаның немересімен сыныптас болдым. Атаның үлкен ұлы Ебжан ағадан, оның бауырларынан сұхбат алып, ақпарат жинадым. Нәтижесінде Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы туралы кітап жаздым. Бұл кітапты шығаруға 2018-2021 жылдар аралығында Қазақстанның Иран Республикасындағы Бас консулы қызметін атқарған Айтжан Айдашев тікелей көмектесті. Нәтижесінде 2021 жылы осы кітабым жарық көрді»,- деді Иран Ислам Республикасының белгілі жазушысы Мұса Жоржани.
Дипломат, Астана қаласының Нұра ауданындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Айтжан Айдашевтың айтуынша, бұл кітапта атаның өмірі мен еңбек жолы толық сипатталған.
«Оразмағанбет атамыздың үлкен ұлы Ебжан Оразмағанбетұлымен жиі байланыста болып, атаның ұрпақтарымен, ел ақсақалдарымен жиі кездесіп, осы кітаптың шығуына қол ұшын создым. Мұса Жоржанидің одан басқа 64 кітап, журналистік зерттеулері бойынша жазылған 50 деректі фильмі мен 12 пьесасы бар»,- деді Айтжан Айдашев.
Жиын барысында Иран жазушысы Мұса Жоржани Маңғыстаудың ғашықтары Қайып пен Ақбөбек туралы пьеса жазып жатқанын да айтты. Ол сондай-ақ қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен түрікмен халқының ғұлама ақыны Мақтымқұлы Пырағының шығармаларын өзара салыстырып, үндестігін зерттеген. Екі ұлы классиктің поэзиясындағы адамгершілік, ел бірлігі, имандылық және отансүйгіштік мотивтерін арқау етіп, түркі халықтары әдебиетіндегі ортақ үндестіктер туралы еңбектер жазған.