Otpan News Logo

Ақтауда жаңа заманауи автовокзал құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Ақтауда жаңа заманауи автовокзал құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Маңғыстау облысында жолаушылар тасымалы мен инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жаңа автовокзал құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жобаның жалпы құны - 2,5 млрд теңге, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Автовокзал 36-шы шағынаудандағы №8 өндірістік аймақта орналасқан. Жер көлемі - 15 гектар. Нысан тәулігіне 10 000 жолаушыға, ал сағатына 550 жолаушыға қызмет көрсете алады. Қазіргі уақытта бөлінген қаржы кезең-кезеңімен игеріліп жатыр.


"Маңғыстау облысында Ұлттық стандарт талаптарына сай келетін автовокзал жоқ. Осыған байланысты Ақтау қаласының аумағында жаңа автовокзал құрылысы іске асырылуда. Нысан жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, облыстағы жолаушылар тасымалын орталықтандыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда 29 маршрутты автовокзалға енгізу жоспарлануда. Оның ішінде ауданаралық - 18, қалаішілік - 11 маршрут бар. Бұл бағыттарда барлығы 243 автобус қызмет көрсетеді. Автовокзал ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында қолданысқа берілмек. Автовокзал жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартып, Ақтау қаласы мен облыс аудандары арасындағы қоғамдық көлік қатынасын жүйелеуге мүмкіндік береді", - деді Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Асылбек Нұрмұханов.


Бүгінгі таңда нысанның құрылыс жұмыстары 72%-ға орындалды. Ғимараттың сыртқы жұмыстарының 95%-ы аяқталып, қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа автовокзал тек жолаушылар тасымалын реттеп қана қоймай, келушілердің жайлылығы үшін барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, ғимарат ішінде ана мен бала бөлмесі, медициналық пункт, асхана, қонақүй, намазхана және учаскелік полиция бөлімі жұмыс істейтін болады.


"Автовокзал құрылысының аумағы 7 500 шаршы метрді құрайды. Ғимарат 3 қабаттан тұрады. Бірінші қабатта күту залы, ана мен бала бөлмесі , балалар алаңы, учаскелік пункт, жүктерді сақтау қоймасы, қызметкерлер демалатын орын және кассалар орналасады. Құрылыстың негізгі жұмыстары аяқталып, жұмысшылар ішкі әрлеу жұмыстарына кірісті. Ғимаратқа өрт қауіпсіздігі, желдету және салқындату желілері орнатылып жатыр. Құрылыс алаңында 80 адам еңбек етуде. Сондай-ақ көгалдандыру мен асфальт төсеу жұмыстарына 8 техника жұмылдырылды", - деді құрылыс нысанының басшысы Аслан Есембаев.


Жаңа автовокзалдың іске қосылуы қала тұрғындары мен қонақтарына сапалы көлік қызметін көрсетуге, қауіпсіздік пен жайлылықты жоғары деңгейге көтеруге және өңіраралық қатынасты бір жүйеге келтіруге толық мүмкіндік береді.

110
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!