Маңғыстауда «Медициналық көмектің флагманы» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Ақтау қаласында медициналық көмек көрсету практикасын одан әрі дамыту және жетілдіру мақсатында үздіктерді марапаттау рәсімі өтті. Іс-шарада байқау жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Облыстық байқауды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалы ұйымдастырды.
Байқаудың басты мақсаты - өңірдегі медициналық қызмет көрсету сапасын арттырып жүрген сала мамандары мен ұйымдардың еңбегін бағалау. Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған жеңімпаздарға арнайы мақтау қағаздары мен статуеткалар табысталды. Жарыс нәтижесінде Маңғыстау аудандық ауруханасы емханалық бағыт бойынша жеңімпаз атанса, стационарлық қызмет бойынша Ана мен бала орталығы жеңіске жетті.
«Медициналық қызметтің әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша облыс көлемінде 85 медициналық ұйым бар. Солардың арасында өзінің біліктілігі мен кәсібилігін көрсету мақсатында әрбір медициналық мекеме сайысқа түсті. 2026 жылдан бастап бұл байқауға тек емханалар емес, стационарлық медицина мекемелері де қатысып жатыр. Бұл байқау "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының" құрылғанына 10 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Басты мақсат - медициналық мекемелер мен қоғам арасында тығыз қарым-қатынас орнатып, сапалы әрі дер кезінде медициналық көмек көрсету», - деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Маңғыстау облысы филиалының директоры Абылайхан Рахымов.
Сондай-ақ жиын барысында байқау жеңімпаздарының күнделікті жұмысы мен атқарып жатқан еңбегі туралы арнайы видеоматериалдар көрсетілді. Бұл дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің жауапты жұмысын көпшілікке таныстыруға тамаша мүмкіндік болды.