Нұрлыбек Нәлібаев Маңғыстаудағы стратегиялық нысандардың жұмысымен танысты
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тапсырмасымен Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі стратегиялық маңызы бар өндірістік, энергетикалық, көлік-логистикалық және туристік нысандардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке әуе хабтарын белсенді дамытып, олардың жаһандық логистика тізбегіне кірігуін қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Бұл мақсаттағы, яғни әуежай инфрақұрылымын және ішкі тасымалдарды дамытудағы кешенді жұмыстар Үкімет басшысының бақылауында.
Сапардың алғашқы нысаны Ақтау халықаралық әуежайы болды. Мұнда әуежай базасында мультимодальды логистикалық және авиациялық хаб құру жобасы таныстырылды. Кешенде әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеу, әуе жүктерін тасымалдау, мамандар даярлау және логистикалық қызметтерді бір алаңға шоғырландыру көзделген. Жоба іске асырылғаннан кейін 3,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.
Бірінші вице-премьер «Кендірлі» әуежайының құрылыс барысын да көрді. Қазіргі таңда нысандағы құрылыс-монтаждау жұмыстарының жалпы орындалу деңгейі 49 пайызға жетті. Әуежайдың ұшу-қону жолағының ұзындығы 2 200 метр, ені 35 метр, жолаушылар терминалы сағатына 150 адамға дейін қызмет көрсетуге есептелген. Қазір ұшу-қону жолағы, перрон, рульдеу жолы, периметрлік қоршау және кірме жол, сондай-ақ жолаушылар терминалы мен инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүргізілуде. Әуежайды биыл жыл соңында пайдалануға беру жоспарланған.
Жаңаөзен қаласында салынып жатқан жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы назардан тыс қалмады. Стратегиялық жобаның өндірістік қуаты жылына 900 млн текше метр табиғи және ілеспе газды өңдеуге есептелген, іске қосу мерзімі – 2027 жыл.
Сапар аясында Ақтау қаласында салынып жатқан «Нұр» санаторлық-сауықтыру кешенінің жобасы да таныстырылды. Кешеннің басты ерекшелігі – жерасты табиғи термалды су көзін емдік-сауықтыру мақсатында пайдалану.
Мұнда 175 нөмірге, 320 төсек-орынға арналған санаторий салынып, оңалту бөлімшелері, физиотерапия, массаж, балшықпен емдеу және ингаляция қызметтері көрсетіледі. Сонымен қатар жабық бассейн, сауна, хамам, екі асхана және 120 орындық конференц-зал қарастырылған. Кешен толық іске қосылғаннан кейін 100 тұрақты жұмыс орны ашылады. Құрылыс 2026 жылдың IV тоқсанында аяқталады.
Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері Ақтау теңіз сауда порты, Құрық порты және Ақтау халықаралық контейнерлік хабының қызметін таныстыру кезінде қаралды. Ақтау портының жылдық өндірістік қуаты 11,8 млн тонна, Құрық портының өткізу қабілеті 6 млн тонна, ал Ақтау халықаралық контейнерлік хабының жобалық қуаты жылына 240 мың жиырма футтық эквивалент контейнерге жетеді. Оның бірінші кезеңі 2026 жылғы наурызда пайдалануға берілді. Аталған нысандардың дамуы Каспий теңізі арқылы жүк тасымалын ұлғайтуға және Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Сапар барысында химия өнеркәсібіндегі, атап айтқанда, «ҚазАзот» АҚ-ның өндірістік қызметі мен кәсіпорынды одан әрі дамыту, Ақтау қаласындағы аммиак-карбамид кешенінің құрылысы жобаларына назар аударылды.
Өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне де басымдық берілді. «МАЭК» ЖШС-нің жұмысы мен алдағы жылыту маусымына дайындығы қаралды.
Ақтау қаласында салынып жатқан қуаты 160 МВт бу-газ қондырғысының құрылыс-монтаждау жұмыстары 71,8 пайызға орындалған. Нысанды 2027 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған.
Маңғыстау және Бейнеу теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту барысы да тексерілді. Маңғыстау вокзалындағы құрылыс-монтаждау жұмыстары 86 пайызға, Бейнеу вокзалында 46 пайызға орындалған. Екі нысан да алдағы қараша айында пайдалануға беріледі.
Сапар қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен кәсіпорын басшыларына стратегиялық жобаларды белгіленген мерзімде және сапалы іске асыру, өндірістік қуаттарды тиімді пайдалану, сондай-ақ өңірдің энергетикалық, көлік-логистикалық және туристік инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.