Есімі көлегейленген жыршы
Қайнар бастауы кешегі скиф-сақ, массагеттен басталатын, алан, бұлғар, хазар, каспи, печенег, оғыз, қыпшақ тайпалары мекен еткен Маңғыстау тарихы - тереңде жатқаны белгілі. Кіші жүз қазақтарының "Сауран айналып", Каспий маңына алшындықтардың ірі тайпаларының бірі адай жұртының қайта қоныстануы – бұл мекеннің бұрыннан да жат еместігін аңғартады. Мәселен Түмен Балтабасұлының мынадай жыр жолдары бар:
Маңғыстау – біздің елдің жайлаған жер,
Қараорман қалың дәулет айдаған жер.
Ғасырдан он жетінші бермен қарай,
Қонған ел қонысынан таймаған жер. (астын сызған – Н.А.)
(Қараңыз: Жетібай Жылқышыұлы. Жыр-дария. Маңғыстау ақын жыраулары. – Ақтау: [б.б.], 1995. 304-б.)
XVIII ғ. бірінші жартысында Маңғыстауға көшті бастап кірген әскербасы Есек мерген мен Шотан батыр бастаған адай қазақтарының басынан дулығасы, қолынан найзасы түспеген. Сол заманның үнін жеткізген, сөздері ұран, жырлары аманат, мұралары мəңгілік болып қалған жорық жыраулары, қара қазан, сары баланың қамын жырлап, ел намысын ту еткен тұлғалар аз болды ма?!
Сонау оғыз қыпшақ заманынан, тіпті сақ ғұн дəуіріндегі тайпа тарихын жырлап, болашақты болжайтын, хан мен бектерге ақыл айтатын абыздар мен бақсылардан бастау алған Йолық тегін, Қорқыт атадан Ноғайлы дəуіріне Кетбұға, Асан Қайғы, Сыпыра жырауларға жалғасып, одан бермен Маңғыстау тасындағы Абыл Тілеуұлына келіп жеткен жыраулық өнер - бұл біздің түп-тарих, саяси сана, тарихи тізбегімізді үзбей жалғап келді.
Сол бабалардан жалғасқан шешендік өнер, жыр киесінің соңғы сарқыттары бүгінгі XXI ғасырға дейін сабақтасып келеді. Солардың бірі, өз жанынан сөз шығарып, кешегі мен бүгінгіні жырға қосқан ақын, есімі еленбей қалған, Маңғыстау əншілік, жыршылық мектебінде өзіндік орны бар Қыраубай Домбайұлы.
Бүгінгі таңда жыршы жөнінде ғылыми деректер мен арнайы зерттеулердің ауқымы шектеулі екенін атап өткен жөн. Ізденіс барысында оның шығармашылығы мен ақындық мұрасы туралы ақпараттарды, өмірбаянын ұрпақтары арқылы жинадық.
Алғаш рет Қыраубай Домбайұлының есімі «Маңғыстау» энциклопедиясында берілген. Онда: «Халықтың “өлгенін тірілтіп, өшкенін жандырып” бағзы саз – бағалы мұраларымызды өзіндік өрнек-әуенімен өмірге қайта әкеліп жүрген қазіргі әнші, жыршыларымыз: Қыраубай Домбаев, Әбіл Жұмағазиев, Жеткізген Сейітов, Ізбасар Шыртанов, Шәмшиден Сабытаев сияқты өнерпаздар. Бұлардың әрқайсысының өзіндік қабілет-дарыны, өзгеге ұқсамайтын саз әуендері бар. Әсіресе, қазіргі әншілердің ішінде Күріш Тасболатов ерекше көзге түседі», - деп жазылған. (Қараңыз: Маңғыстау энциклопедиясы. – Алматы: Атамұра, 1997. 154-б)
Қыраубай Домбайұлы 1936 жылы 15 қарашада, Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданының Ақшымырау елді мекенінде қарапайым отбасында дүниеге келген. Əкесі Бейсендікұлы Домбай мал шаруашылығымен айналысқан адам болса да, өткен күннің сырына қанық, ел аузындағы аңыз əңгімелерді, тарихи оқиғаларды жетік білген, танымал шежіреші болған. Бір айта кететін жәйт, осы Ақшымырау өңірінде белгілі музыканттың бірі, Домбайдың үшінші баласы Тараубайдың ұлы жыршы Несіпбай Домбаевтың өнері Маңғыстауға белгілі.
Қыраубай бала кезінен алғыр, пысық, төрт кластық білімі болса да озық ойлы, шешен тілді, əнге, жырға құштар болған. Ол тойбастар, беташар айтып, әндерді, жыр-термелерді нақышына келтіріп орындап, айналасына жыршы ретінде танылған. Сонымен қатар, әкесінен естіген əңгімелерді кейінге жеткізген, құнды деректерді білген шежіреші. Мәселен, оның ауызекі жеткізген шежірелерін Жетібай Жылқышыұлының «Адай шежіресі» кітабынан оқуға болады. Оның бірінде былай айтқан: «Есен ұрпағы Домбайұлы Қыраубай былай дейді: "Өрдектің екі əйелінен 6 бала дүреген екен. Бəйбішесінен Олжашы, Мамыр, Бөкен, екінші əйелінен Сүгірбай, Есен, Кенже туыпты. Адай елінде «Əз» деген атақты тек қана үш адам алған. Біріншісі, Түркпенадай ұрпағы Есенғұлдың Есегі, екіншісі, Жеменейдің Аталығы екі атаққа ие болады, «Жомарт», «Əз» деген. Үшіншісі, Үш Жүзге атағы мен əңгімесі тараған Сейіт би». (Қараңыз: Жылқышыұлы Ж. Адай шежіресі. 2 том. – Алматы: Print_Express, 2014. 536-б.)
Қыраубай жиырма бес жасынан бастап осы ауданның Сай-Өтес елді мекенінде өмір сүріп, темір жол саласында көп жылдар бойы еңбек еткен. Жас кезінен ауыл елді аралап, ән, жыр айтқан. Көмейіне бұлбұл ұялаған кең дауысты əнші де болған. Оның орындауында жергілікті дәстүрлі әндер үнтаспа арқылы жетіп отыр. Көне үнтаспада орындаушы Досат Бəймембетұлының, Қожантай Қойбастың əндері деп хабарлаған. Алдағы уақытта шырқаған басқа да əндерін де табу келешекте атқарылатын жұмыстар қатарында.
Қыраубай жыршының ақындық өнеріне тоқтағанда жырларының мазмұнына қарап, әр жылдары шыққандығын байқаймыз. Мысалы, «Көңілімде көп кірбің», «Қиянат қылма өмірде», «Шопандар мерекесіне», «Қосай атам ауылына», «Отан қорғау жолында қаза болғандарға», «Адай ұрпақтарына» және «Жарының Тастемір ұрпағы Жаңғабылұлы Сəттіғұлдың 125 жылдық мерекесіне арнау» атты жыр шумақтары бар. Тәуелсіздік жылдары дінге еркіндік берілген кезеңде ақынның «Ораза айына арнадым», «Рамазан айында мұсылмандарға арнаймын», «Молданың көрінісі» өлеңдерін шығарған. Өмірден өткен соң, қызы Ләззат Қыраубайқызы шығармаларын жинақтап, «Аманат» деген атпен басып шығарды.
Осы шумақтардың бірқатарына тоқталып өтейік. «Шопандар мерекесіне» арнауында:
Ат пенен түйе көлігі,
Қалмаған екен далада,
Малының жүн мен терісі,
Сол дəуірдің шағында,
Ел қорғаған ерлердің
Жылқы малы екен көлігі
Бес қару белде, ақ сауыт,
Бар сенімді серігі
Аңсаған ару ғашыққа
Ойлаған мезгіл күнінде
Жеткізген талай серіні
Айыр інген, нар мая,
Үй сыртында ыңырсып,
Жанында тұрса арулар
Болыпты елдің көрігі.
Алалы жылқы, ақтылы қой,
Ауылдың сəні болыпты.
Бұрынғы өткен ата-ана
Төрт түлігін өсіріп,
Малменен ашқан базарын,
Алақан жаймай əркімге
Болашағын ойланып
Ірімшік, іркіт, құрт майын,
Қазы қарта, жал жая,
Жұмақтан келгендей
Дайындап қойған тағамын - деген ұйқастарынан мінсе көлік, жесе ас, ішсе сусын болып, дастарқанның берекесін келтірген төрт түлік малдың қазақ өміріндегі ерекше маңызы мен қадір-қасиетін көркем суреттеп, сөз өрнегін келтірсе, енді бірінде, «Көңілімде көп кірбің» шығармасында ақын -қоғамдағы рухани құлдырау, надандық жайында айта келе:
Сауданың жолын білетін,
Көлгірсіп сырттан күлетін,
Сауатсыз, надан, соқырлар,
Жарғыдан жасы асса да,
Жүректі жүр жаралап.
Алысқа даусым жетпейді,
Ішім толған құса дерт
Айта берсем даралап.
Осындай іріткі туғалы
Алтын тектес арулар
Бұйрықты өмір сүре алмай,
Жабайы қайып көшеден
Қорада жатыр балалап.
Маңғыстаудың ойында
Бұрын мұндай болмаған
Некесіз бала көбейді.
Бұл кімдерге саналады.
Мұсылманның жолы ма еді,
Дүниеге әкелген
Ата анасын жат қылып,
Жарығын көрген шақ қылып,
Парызынан құтылмай,
Тірілей еткен аманат.
Халқымызға жарандар
Абырой ма, ождан ба?
Болашақ халық қайтеді?
Ұрпағы сондай тозғанда – деп некесіз бала туу, ұлт болашағына төніп тұрған қауіп жөнінде жазады.
Жыршы өмірінің соңғы кезеңінде шариғатқа бет бұрған. Сол шақтарында көңілге ой салар, мұсылмандық парыз, иман жайында жыр шумақтарын жазды:
Адал болам десеңдер,
Қиянатқа жолама
Қиянат жасап халыққа
Екі жүзді көрінсең
Ол мұсылман бола ма?
Адалдыққа бас иіп,
Мұсылман болам десеңдер
Пақыр менен мүскінді
Əр түрлі жолмен тонама
Ондай жолға түскеннің
Ұрпағы өмір оңа ма?
Салыстырып қарасаң
Алтын күміс бағасы
Тең бола ма қолаға?
Менің нұсқап отырғаным,
Парызыңнан құтылып,
Мылжың, бəдік, ғайбат сөз,
Жамандыққа жолама.
Маңғыстаулық әйгілі жырау, Сəттіғұл Жаңғабылұлының 125 жылдық мерейтойында, ақынның өмір қиындықтарына, өнер жолындағы жетістіктеріне тоқтай келіп, былай толғайды:
Тыңдасаңдар, жамағат,
Рухын мəңгі еске алып,
Сəттіғұлдай ақынға
Алты ауыз өлең арнадым.
Елемей кеткен жөн болмас,
Жиын тойда қосатын
Адайдың соңғы тарланын
Жастың ара шалғайы
Жақындатпай ақынға
Жаныма қатты батады.
Тілдесе алмай қалғаным
Өлшеулі дəмі таусылып,
Межелі жасқа жеткенде
Арадан кетті асыл жан
Бұйрығыменен Алланың
Мұрасынан нəр алып,
Ақын мен ишан, биінің,
Көп жиналған жерлерде
Мекендегі халықтың
Көтердім ауыр салмағын.
Төрт баласы Назардың
Жарыдан бері байқасам,
Олқы жері байқалмайды
Пікірге салсам жан жағын, - деп жастық шағында азулы ақынмен тілдесе алмай қалғанына өкінгенін жазады.
Жоғарыда ақынның əкесінен естіген шежіре тарихтарды білетіндігін айтып өттік. Сонымен бірге сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі Қыраубай Домбаев әншілігімен, жыршылығымен, ақындығымен қатар қолөнер шебері болған. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, ол теріден етік, мəсі, кебіс, бөрік, тон, ішік, одан бөлек ағаштан ойып домбыра, сандық, қамшы сияқты тұрмыс заттары және де ер-тұрман, қақпан, қырықтық, арба сияқты заттарды өз қолымен жасап шығарған шебер ұста болған.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін ақын шариғатқа бет бұрып, мұсылмандық бес парызын өтеуге ден қойып, жаназа шығарып, халыққа адал қызмет еткен. Ол ауылындағы Сисем-ата қауымында шырақшы, имамдық атқарды.
Бағзы заман серілік құрып, өнер дарыған, баба өсиетін терең ұғынған əнші, жыраулар, мына ғаламның көз тартар мал мүлкіне қызығушылық танытпаған. Олар жиған тергенін, табысын жүрген жерінде, ағайынға, жанындағы жақынына, қысылғанға таратып беруші еді. Халқының қайғысына қабырғасы қайысып, қуанышына жүрекжарды жыр төккен, күй тартқан дала даналарына, өнер атаулыға ол кездегі құрмет ерекше еді. Өмір, өнер жолы бұқара халықпен ұштасып жатқан, халықтың ықыласына бөленген тұлға - өне бойындағы құдай дарытқан саф өнердің - баға жетпес асыл қасиет екендігін шын ұқса керек. Ал енді сол қасиеттің иесі, ешқандай пұлға сатып алынбайтын дана халқымыздың өмір тарихындағы өсиет толы алтын қазынасынан су ішкен тұлғаның бірі, қоллында барды аямайтын жомарт, мінезге бай, ақ көңіл жанның бірі - Қыраубай Домбайұлы еді. Көзкөргендер оның шаңырағынан қонақ арылмайтындығын айтып еске алады. Жолшыбай өткен-кеткен жолаушыларға дейін үйіне қона жатып, қонақ болып, ақсақалмен əңгіме-дүкен құрып, əн-жырын сүйсіне тыңдап, алғыстарын айтып кететін болған.
Маңдайына жазған алпыс алты жас ғұмырында, өзі діттеген арман-мақсаттарына, өзінің бар ынта-жігерімен жеткен абзал азамат - 2002 жылы наурыздың 28-ші жұлдызында дүниеден озған. Бейіті Сай Өтес елді мекеніндегі Толыбай ата қорымында.
Ақынның соңынан ерген өнерлі ұрпақтардың қатары да аз емес. Ағасы Қыдырқожаның тұңғыш қызы Абыл Тарақұлы атындағы өнер мектебінің (жыр-терме бөлімі) түлегі, Маңғыстау өнер колледжін (хорда дирижерлау бөлімі) бітіріп, Орал қаласындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің «дəстүрлі əн орындаушы» мамандығын тəмамдаған - Домбаева Гүларша. Ол осы күнде, мәдени шараларда Маңғыстау жыр саз-мақамдарына салып, нақышына келтіріп, жыр-термелерді насихаттаттап жүрген өнерпаз. Қыраубайқызы Гүлсараның ұлы Бейбіт Əлеуметұлы атасына тартқан шешен тілді, суырыпсалма ақындығы бар жас талант.
«Ел іші – өнер кеніші» демекші, уақыт озған сайын заман көлеңкесінде қалып, еленбей келген қаншама жыр жауһарлары зерттеуді талап етіп, өз кезегін күтуде. Сондай маржандарымыздың бірі – ақын, жыршы Қыраубай Домбайұлы. Оның өнері мен артында қалған мұрасы болашақта жан-жақты зерделеніп, жаңа деректермен толыға түседі деген ниеттеміз.
Автор: Нұрым Асқанов
Материал ақылы негізде жарияланған.
Мақалада келтірілген деректер мен мәтін
мазмұнына редакция жауапты емес.