Otpan News Logo

Мобильді аударымдарға салық салына ма?

Мобильді аударымдарға салық салына ма?

Соңғы уақытта азаматтар арасында «Мобильді аударымдарға салық салына ма?» деген сұрақ жиі қойылады. Осы және өзге де сауалдарға жауап алу үшін otpannews.kz сайтының тілшісі Гүлсезім Әбдіжәлел Маңғыстау облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығының бас маманы Ғайниддин Кентановпен сұқбаттасты.


– Қош келдіңіз! Қазіргі таңда азаматтарды жиі мазалап жүрген сұрақтардың бірі – мобильді аударымдарға салық салына ма? Осыны түсіндіріп өтсеңіз.


– Мобильді аударымдарға салық салынбайды. Ол жеке тұлғалардың арасындағы қарым-қатынас болып саналады. Сондықтан бұл процеске салық көзделмеген.


– Банк Мемлекеттік кірістер органдарына қандай жағдайда мәлімет береді?


– Екінші деңгейлі банк Мемлекеттік кірістер органдарына үш ай қатарынан ай сайын 100-ден астам аударым болған жағдайда барлық мәліметтерді береді. Бұл ретте екі банкте жасалған операциялар қосылып есептелмейді. Яғни әр банк бөлек-бөлек есептеледі. Мысалы, Kaspi Bank қосымшасы арқылы үш ай қатарынан ай сайын 100-ден астам аударым болса, банк мәлімет береді.


– Туыстар мен достардан келген аударымдар тексеріле ме?


– Жоғарыда айтып өткендей, үш ай қатарынан ай сайын 100-ден астам аударым болса, тексеріледі. Мұндай нәтиже болмаса, тексерілмейді. Ағайын-туыстардан айына түскен он шақты аударым бақылауды қажет етпейді. Басқа қалада оқитын студенттерге ата-аналары жиі ақша аударады. Жіберілетін қаражат көлемі 2 000–3 000 теңге болуы мүмкін. Бұл 100 аударымнан аспағандықтан, тексерілмейді әрі бақыланбайды. Егер аударым саны 100-ден асса, екінші деңгейлі банк мәліметтерді Мемлекеттік кірістер органдарына береді. Тиісті мамандар бұл аударымдардың кәсіпкерлік мақсатта жасалған-жасалмағанын анықтайды. Аударым жасалған азаматқа хабарлама жіберіледі.


– Мемлекеттік кірістер органынан хабарлама келсе, не істеу керек?


– Хабарламаға 30 жұмыс күні ішінде жауап берілуі тиіс. Келіп түскен қаражат жеке тұлғалардан болса, оның себебін дәлелдеп беруі керек. Мысалы, ем-домға жиналып жатқан қаражат болса, тиісті медициналық құжаттарын ұсынады. Бастысы – түскен ақшаның себебін түсіндіру қажет.


Егер аударымдар кәсіпкерлік мақсатта жасалса, кәсіпкер ретінде тіркелу талап етіледі. Ал кәсіпкер бола тұра қаражатты жеке банк шотына түсірген болса, кірістер органдарына берілетін декларацияны көрсету міндеттеледі.


– Кәсіпкерлік мақсатта түскен аударымдар екені анықталған жағдайда айыппұл салына ма?


– Жоқ, айыппұл салынбайды. Ескерту жасалып, декларациясын көрсетіп, салық төлейді.


– Картаға түскен барлық қаражатты декларациялау керек пе?


– Жеке тұлғаның картасына түсетін қаражат 100 аударымға жетпесе, декларация тапсырмайды.


– Шетел азаматтарына байланысты мобильді аударымдарға қандай шара қолданылады?


– Мобильді аударымдарға қатысты 2026 жылдың бірінші тоқсаны бойынша екінші деңгейлі банктер Мемлекеттік кірістер органдарына біршама мәлімет берді. Маңғыстау облысы бойынша уақытша тіркеуде тұрмаған шетел азаматтарының банк шоттарына 55 млрд теңгеден астам аударым жасалған. Соның ішінде 1 732 Өзбекстан азаматына 34 млрд теңгеден астам аударым түскен. Осы сияқты Тәжікстан, Қырғызстан және басқа да 17 елдің азаматтарына мобильді аударымдар жасалған. Олардың байланыс нөмірлеріне eGov қосымшасы арқылы POS-хабарлама жіберілді. Жіберілген хабарламаны орындау мерзімі әлі аяқталған жоқ. Болашақта бұл бағытта жұмыс жүргізіледі.


– Жауабыңызға рақмет!


– Рақмет!

42
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!