Ақтауда екі жаңа магистратура бағдарламасы ашылды
Бүгін Ақтауда Yessenov University-де «Жаңартылатын энергия жүйелері» және «Логистикадағы менеджмент» атты екі жаңа магистратуралық білім беру бағдарламасы ресми түрде ашылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жиынға Yessenov University басшылығы, Германияның серіктес университеттерінің профессорлары мен өкілдері, мемлекеттік органдар, өндірістік кәсіпорындар, оқытушылар мен студенттер қатысты. Аталған жаңа бағдарламалар Қазақстан мен Германия арасындағы жоғары білім, ғылым және технология салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ энергетикалық трансформация мен заманауи логистика бағыттары үшін халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған.
Бұл бастамалар Германияның академиялық алмасу қызметінің (DAAD) қолдауымен жүзеге асырылатын AKTANTEN халықаралық жобасы аясында іске қосылды. Жоба Қазақстан мен Германия университеттері арасында тұрақты академиялық әріптестік орнатуға, білім беру бағдарламаларын жетілдіруге және академиялық ұтқырлықты дамытуға жол ашады.
Берлиндегі техникалық университеттің деканы Ханс-Люджер Динел осы мерекелі жиынның ашылуымен құттықтап, мамандықтың маңызына тоқталып өтті.
«Бүгін - өте керемет күн. Өйткені магистратура бағытында заманауи білім беретін екі мамандықтың тұсауын кескелі отырмыз. Бірі – энергетика саласы бойынша, бірі – логистика саласында. Осы бағдарлама бойынша алғаш болып Қазақстанда 29 студент білім алады. Мұның барлығы 2023 жылы екі ел Президенттерінің бастамасымен басталған. Бұл мамандық екі елдің дамуы жолында маңызды рөл атқарады», дейді Ханс-Люджер Динел.
«Жаңартылатын энергия жүйелері» бағдарламасы Yessenov University мен Hamburg University of Applied Sciences (HAW Hamburg) серіктестігімен жүзеге асырылып, күн және жел энергетикасын, жасыл сутекті, энергия сақтау жүйелері мен Smart Grid технологияларын қамтыды. Ал «Логистикадағы менеджмент» бағдарламасы Technical University of Applied Sciences Wildau (TH Wildau) серіктестігімен әзірленіп, заманауи көлік-логистикалық жүйелерді басқару, жеткізу тізбектері және цифрландыру бағыттарына басымдық береді.
Жаңа бағдарламалардың ашылуы Маңғыстау өңірінің энергетика және логистика салалары үшін жаңа буын мамандарын даярлауда маңызды қадам. Білім алушылар халықаралық тәжірибемен танысып, үздік профессорлардан дәріс алады және ғылыми-қолданбалы жобаларға қатыспақ.
Сонымен қатар, жиын барысында жаңа білім беру бағдарламалары таныстырылып, бірлескен жобаларды дамыту және академиялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.