Ақтауда мектептің спорт алаңы қайта жаңғырды
Ақтауда Н.Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейінің жаңартылған спорт алаңының ашылу салтанаты өтті. Мектеп ұжымы үшін маңызды шараға ұстаздар, оқушылар, ата-аналар, білім саласының өкілдері және демеушілер қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Салтанатты шара 18 қыркүйек күні мектептің спорт алаңында ұйымдастырылды.
Жиын барысында мектеп директоры Гүлден Иманғалиева оқушылар үшін спорттың маңызына тоқталып, жаңа алаңның пайдалануға берілуі мектеп ұжымы үшін көптен күткен қуанышты жаңалық екенін атап өтті.
«Спорт - денсаулықтың кепілі. Әр баланың балалық шағының жарқын өтуіне спорттың ықпалы зор. Білім мен тәрбие сапалы болуы үшін қазіргі заманға сай спорттық жағдайдың жасалуы маңызды. Бүгін біздің көптен күткен мақсатымыз орындалып, оқушыларымыз жаңа спорт алаңына ие болып отыр», - деді мектеп директоры.
Жаңартылған спорт алаңының ашылуына мектепке қолдау көрсеткен «A&B technology» ЖШС өкілдерінің үлесі зор. Іс-шара барысында демеушілерге балалардың денсаулығы мен болашағына жасаған қолдауы үшін алғыс айтылды.
Салтанатты шараға «A&B technology» ЖШС құрылтайшылары Болат Арқаров пен Азиз Мәметов, компанияның күрделі құрылыс бөлімінің басшысы Арман Бидайбеков, облыстық мәслихаттың VII және VIII шақырылым депутаты Людмила Меңдіғалиева бастаған топ арнайы қатысты.
Мектеп-лицей оқушылары спорт бағытында да бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Атап айтқанда, оқушылар республикалық мектеп лигасы аясындағы баскетбол жарыстарында жүлделі орындарға ие болса, шахматтан өтетін республикалық мектеп лигасында да жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр.
Жаңа спорт алаңы оқушылардың дене шынықтырумен тұрақты айналысуына, спорттық қабілеттерін дамытуына және мектепішілік әрі қалалық, республикалық жарыстарға сапалы дайындалуына мүмкіндік береді.
Спорт алаңының жаңаруы - мектеп оқушыларының салауатты өмір салтын ұстануына жасалған тағы бір маңызды қадам. Ендігі жерде бұл алаң жас спортшылардың жаттығу орнына, достық жарыстар мен жаңа жеңістердің алаңына айналмақ.