Otpan News Logo

Жаңаөзенде сот жетім баланы тұрғын үй кезегіне қайта қойды

|
18.09.2026 16:21
Жаңаөзенде сот жетім баланы тұрғын үй кезегіне қайта қойды
ЖИ иллюстрациясы

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Жаңаөзен қаласының тұрғынының қалалық ТКШ бөліміне қатысты талап арызын қанағаттандырды. Сот оны «жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша тұрғын үй алу кезегіне 2009 жылғы 7 желтоқсандағы кезектілігін сақтай отырып қайта қоюды міндеттеді, деп хабарлайды otpannews.kz.


Сот анықтағандай, талап қоюшы П. ата-анасы қайтыс болғаннан кейін 2002 жылдан 2013 жылға дейін облыстық балалар үйінде тәрбиеленген. 2009 жылы ол «жетім балалар» санаты бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қойылған. Іс материалдарында «Жаңаөзен жаршысы» газетінің көшірмесі де ұсынылған. Оған сәйкес, 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ер адам тұрғын үй алу кезегінде №21 болып тұрған. Алайда 2020 жылы ол есептен шығарылған. Бұған оның тұрақты тіркеу мекенжайының өзгеруі себеп болған.


Сот кезектен шығарылған кезде қолданыста болған «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң нормаларында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін ерекше кепілдіктер қарастырылғанын атап өтті. Тұрғын үйге мұқтаж деп танылған және тиісті есепке қойылған осы санаттағы азаматтар пәтер алғанға дейін есептен шығарылуға жатпаған.


Нәтижесінде талап арыз қанағаттандырылды. Жаңаөзен қаласының ТКШ бөліміне талап қоюшыны тұрғын үй алу кезегіне қайта қою тапсырылды. Сот шешімі заңды күшіне енді.

44
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!