Таушық ауылында Николай Негруцыдың есімін ұлықтауға арналған ескерткіш тақта орнатылды
Маңғыстау өңірінің денсаулық сақтау саласына ұзақ жылдар бойы үздіксіз еңбек сіңірген медицина қызметкері Николай Негруцыдың есімін ұлықтау мақсатында Таушық ауылындағы «Итолы» қауымында оның қабіріне ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шара Маңғыстау облысы ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен өткізілді. Тағзым шарасына облыстың медицина саласына еңбегі сіңген ардагерлер, медицина қызметкерлері, Таушық ауылдық амбулаториясының ұжымы, ауыл әкімдігі өкілдері, ауыл ақсақалдары және жергілікті тұрғындар қатысты.
Архивтік деректерге сәйкес, Николай Евдокимович Негруцы 1895 жылы дүниеге келген. 1908 жылы Мәскеу әскери-фельдшерлік мектебіне түсіп, 1912 жылы аталған оқу орнын тәмамдаған. Кейін әскери және азаматтық медицина салаларында еңбек етіп, әртүрлі өңірлерде фельдшерлік қызмет атқарған.
1931 жылдың мамыр айынан бастап оның еңбек жолы Маңғыстау өңірімен тығыз байланысты болды. 1931–1933 жылдары Форт-Шевченко ауруханасының меңгерушісі, 1933–1941 жылдары Ералиев ауылдық кеңесінің медициналық пунктінің меңгерушісі, 1941–1942 жылдары Маңғыстау аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.
1942 жылдан бастап аудандық амбулаторияда фельдшер болып еңбек еткен. Кейін аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, аудандық аурухананың бас дәрігері және дәрігер қызметтерін атқарып, өңірдегі медициналық көмектің дамуына өз үлесін қосты.
Замандастарының естеліктеріне сәйкес, Николай Евдокимович жас дәрігерлер мен медицина мамандарына өзінің тәжірибесімен бөлісіп, кәсіби тұрғыдан бағыт-бағдар берген.
«Ескерткіш тақтаның орнатылуы Маңғыстау медицинасының тарихында өзіндік орны бар азаматтың есімін сақтау, оның еңбегін кейінгі ұрпаққа жеткізу және медицина саласындағы сабақтастықты дәріптеу бағытындағы маңызды шара», дейді ұйымдастырушылар.
Жиын барысында қатысушылар Негруцыдың Маңғыстау өңірінің денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін атап өтіп, медицина саласының тарихын зерттеу мен тарихи тұлғалардың еңбегін насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.