Жастар денсаулығын сақтау және отбасын жоспарлау: Ювенолог дәрігермен сұхбат
Бүгінде отбасын жоспарлау – маңызды мәселелердің бірі. Әсіресе бала сүюді жоспарлау, репродуктивті денсаулықты сақтау және ата-ана болуға жауапкершілікпен қарау жастар үшін өзекті.
Жастар дәрігерге қандай мәселелермен жүгінеді? Отбасы құрмай тұрып репродуктивті денсаулық туралы ақпараттанудың маңызы қандай? Жауапты ата-ана болуға дайындық қалай қалыптасады? Осы және өзге де сауалдарға Otpannews.kz тілшісіне Ақтау қалалық №2 емханасының ювенолог дәрігері Әсел Асқарова жауап берді.
– Әсел Асқарқызы, сіздің қызметіңіз отбасы институтын нығайтуға қалай ықпал етеді? Қандай топпен жұмыс істейсіз?
– Отбасын құрып, ата-ана болуға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру жұмысы жасөспірім кезден басталуы керек. Адам өзін түсінуді, денсаулығына қамқорлық жасауды, қарым-қатынас орнатуды және өзінің болашағына жауапкершілікпен қарауды үйренген кезден бастап отбасы түсінігі қалыптасады. Ювенолог дәрігер ретінде менің міндетім – репродуктивті жүйе ауруларын емдеумен шектелмейді. Жасөспірімді болашақ ата-ана болуға дайындау да менің міндетіме кіреді. Қабылдау барысында денсаулық мәселелерінен бөлек, сыйластық, жеке шекара және басқа адамдарға құрметпен қарауды талқылаймыз. Менің мақсатым – пациенттерге медициналық білім берумен қатар, олардың ересек өмірге дайындау.
– Жастар қай жаста отбасын құрған дұрыс?
– Бұл ретте барлығына ортақ нақты жас жоқ. Көп нәрсе адамның психологиялық тұрғыдан жетілуіне, өзін бағалай білуіне, жауапкершілік алуға дайындығына және ортақ ниетіне байланысты. Сонымен қатар репродуктивті денсаулыққа алдын ала көңіл бөлу маңызды. Егер адам болашақта балалы болғысы келсе, бала сүюге қатысты мәселе туындағанда ғана бұл туралы ойланбауы керек. Профилактика, дәрігерге уақытылы қаралу, салауатты өмір салтын ұстануды жастайынан бастауы тиіс.
– Жастармен қалай жұмыс істейсіздер? Оларға нақты нені үйретесіздер?
– Маңызды бағыттардың бірі – отбасы құруды жоспарлау. Бұл адамдарға балалы болу мәселесіне саналы түрде қарауға, жүктілікке қолайлы мерзімді таңдау мен баланың денсаулығына көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Мұнда заманауи контрацепция әдістерін дұрыс пайдалану, медициналық көмекке уақытылы жүгіну және репродуктивті денсаулыққа жауапкершілікпен қарау маңызды. Отбасын жоспарлау әйелдің білім алуын жалғастыруына, жұмыс істеуіне, өзін-өзі дамытуына және бала тууға қатысты шешімді өз бетінше қабылдауына да байланысты.
– Жастар ювенологқа көбіне қандай мәселелермен жүгінеді?
– Сұрақтар әртүрлі. Жастар тек ем іздеп келмейді. Бір мәселені ашылып айтатын адамы болмаса да бізбен бөліседі. Бұл – етеккір, жыныстық жетілу, ағзадағы өзгерістер, бөлінділер және репродуктивті денсаулыққа қатысты сұрақтар. Көбіне аналар жасөспірім қыздарын ертіп келіп, бойжеткен кезде болатын өзгерістер, етеккір циклі туралы егжей-тегжейлі түсіндіруді сұрайды. Бұл – ауқымды тақырып. Етеккірдің тым кеш немесе ерте басталуы, көп келуі немесе ауырсынумен өтуі, циклдің тұрақсыздығы сияқты мәселелер кездеседі. Етеккір басталғаннан кейінгі алғашқы бір жарым-екі жылда цикл тұрақсыз болуы мүмкін. Бірақ етеккір алты айдан астам уақыт бойы болмаса, міндетті түрде дәрігерге қаралу керек. Оның себептері әртүрлі болуы мүмкін: эндокриндік бұзылыстар, анемия, күйзеліс немесе дұрыс тамақтанбау. Сондықтан әр жағдайды жеке қарастыру керек. Сонымен қатар қабыну аурулары, инфекциялар, тері мен сүт бездеріне қатысты мәселелер, контрацепцияға байланысты сұрақтар да кездеседі.
– Жасөспірімдермен мұндай тақырыптарда дұрыс сөйлесудің маңызы қаншалықты?
– Өте маңызды. Мен жасөспірімдермен сабырлы түрде, алдын ала пікір қалыптастырмай және айыптамай сөйлесуге тырысамын. Жасөспірім дәрігерге қаралуды ұят деп қабылдамауы керек. Кейде қарапайым кеңестің өзі жасөспірімге үлкен көмегін тигізеді. Себебі ол ағзасында болып жатқан өзгерістерді түсіне бастайды. Біз мектепте кездесулер өткізіп, жастарға жыныстық жетілу кезеңі, аурулардың алдын алу және денсаулыққа күтім жасау қажеттілігі туралы айтып береміз. Ювенологияның ерекшелігі – профилактика, диагностика және емдеу жұмыстарының қатар жүруінде.
– Сізге аналар жиі жүгінетінін айттыңыз. Ата-аналар тағы қандай мәселелермен келеді?
– Жиі кездесетін себептердің бірі – қыз балалардың жыныс мүшелерінің анатомиялық құрылысына қатысты алаңдаушылық. Мысалы, анасы аздап асимметрияны, қатпарды немесе тіннің шығыңқы бөлігін байқап, оның қалыпты жағдай екенін немесе патология екенін білгісі келуі мүмкін. Мұндай сұрақпен жасөспірімдердің өздері де келеді. Олар өзін-өзі тексеру кезінде бұрын байқамаған нәрсені көріп, оны патологиялық түзіліс деп қабылдауы мүмкін. Сонымен қатар жасөспірімдер өзін айналасындағылармен немесе интернеттегі суреттермен салыстырып, өзінде қандай да бір ақау бар деп ойлауы мүмкін.
Тексеруден кейін мұндай жағдайлардың көпшілігінде ешқандай бұзылыстың жоқтығы, оның жеке анатомиялық ерекшелік екені анықталады. Жыныс мүшелері де, дененің басқа бөліктері сияқты, пішіні, көлемі және симметрия деңгейі жағынан әртүрлі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда дәрігердің міндеті – жасөспірімнің өз денесіне сабырлы әрі дұрыс көзқарасын қалыптастыру.
– Адамның отбасылық өмірге дайындығына физикалық денсаулық әсер етеді ме, әлде психологиялық жетілу ме?
– Мен бұл екі ұғымды бір-бірінен бөліп қарамас едім. Денсаулық – кешенді жағдай және оның қалыптасуы отбасынан басталады. Жасөспірімнің бүгінгі денсаулығы ғана емес, оның қандай ортада өсіп жатқаны, ата-анасының өз денсаулығына және балаларының денсаулығына қалай қарайтыны, отбасында қандай өмір салты қалыптасқаны маңызды. Егер отбасында дұрыс тамақтану, ұйқы режимін сақтау, дене белсенділігімен айналысу, дәрігерге уақытылы қаралу және профилактикалық тексерулерден өту қалыпты жағдай ретінде қабылданса, бала да мұны норма ретінде қабылдайды. Ал денсаулыққа қатысты мәселелер еленбейтін болса, бала мұндай қарым-қатынасты да бойына сіңіреді. Психологиялық ахуалдың да маңызы зор. Ата-ана мен бала арасында сенім бар ма? Жасөспірім ыңғайсыз сұрақ қойып, өз мәселесін айтып, айыптаудан қорықпай ма? Дәрі барысында мен ата-ана мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынасқа үнемі назар аударамын. Жасөспірім қажет кезде жақындарынан көмек сұрай алатынын білу керек. Бұл оның психологиялық, физикалық және әлеуметтік денсаулығымен тікелей байланысты.
– Жасөспірімдерге ересек өмірге дайындалуға қалай көмектесуге болады?
– Ең алдымен профилактикалық жұмысты күшейту қажет. Сондай-ақ адам үйленуді немесе жүктілікті жоспарлай бастағанға дейін әлдеқайда ерте қолға алған жөн. Бұл бағытта отбасы, мектеп және денсаулық сақтау жүйесі бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Отбасы – салауатты қарым-қатынастың және денсаулыққа жауапкершілікпен қараудың үлгісі болуы керек. Дәрігер ауруды емдеумен ғана шектелмей, оның алдын алу жолдарын да түсіндіруі қажет. Жасөспірімдермен жұмыс кезінде олардың жүйке жүйесінің даму ерекшеліктерін ескеру маңызды. Импульсті бақылау, жоспарлау және эмоцияны реттеуге байланысты мидың кейбір қызметтері 25 жасқа дейін қалыптасады. Сонымен қатар бұл кезеңде мидың икемділігі жоғары болады. Сондықтан дәл осы уақытта пайдалы дағдылар мен дұрыс көзқарастарды қалыптастыру өте маңызды. Бүгінде психологтар жасөспірімдермен қалай сөйлесу керек, олардың эмоциялық көріністеріне қалай жауап берген жөн және сындарлы қарым-қатынасты қалай қалыптастыруға болатынын түсіндіретін кездесулер мен ата-аналар жиналыстарын өткізеді. Әр балаға жеке тәсіл қажет. Сондықтан кейбір жағдайда психологтың кеңесі жасөспірімге ғана емес, оның ата-анасына да пайдалы болады.
– Бұл жүйеде жастар денсаулығы орталықтарының рөлі қандай?
– Жастар денсаулығы орталықтары жасөспірімдер мен жастардың қажеттіліктеріне жауап беру, оларға қолжетімді, сапалы және тегін медициналық көмек көрсету үшін құрылған. Мұнда мамандардың мультидисциплинарлық топтары жұмыс істейді. Жастар физикалық және репродуктивті денсаулық мәселелері бойынша кеңес алып, психологиялық және әлеуметтік көмекке жүгіне алады. Оның ішінде қиын өмірлік жағдайға тап болғандарға да қолдау көрсетіледі. Мұндай орталықтардың жұмысы «4D» қағидатына негізделеді. Біріншісі – қолжетімділік: қызметтер тегін көрсетіледі және жас адам қажетті көмекті бір жерден ала алады. Екіншісі – еріктілік: жасөспірім немесе жас адам кеңес алуға өз еркімен жүгінеді және өзіне қажетті қызмет түрін таңдайды. Үшіншісі – ізгі ниеттілік. Жас адамның өзін жайлы сезінуі және мамандарға жүгінуден қорықпауы өте маңызды. Төртіншісі – сенім. Орталықтардың жұмысын ұйымдастыру барысында жастардың пікірі ескеріледі, оның ішінде орталықтардың безендірілуі мен түрлі іс-шараларды өткізу мәселелері де бар. Түптеп келгенде, осы бағыттардың барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Бүгінгі таңда дәл осындай тәсіл маңызды. Жас адам медициналық немесе психологиялық көмекке жүгіну әлсіздіктің белгісі немесе ұялатын нәрсе емес, керісінше өзіне қамқорлық жасаудың қалыпты бөлігі әрі болашақтағы салауатты қарым-қатынастың негізі екенін түсінуі керек.
– Сұқбатыңызға рақмет!