Радиофобия: Ұялы байланыс сапасына қалай әсер етеді?
Радиотолқын адам денсаулығына қаншалықты қауіпті? Ұялы байланыс базалық станцияларын орнату кезінде бұл сұрақ жиі көтеріледі. Әсіресе үйлер мен әлеуметтік нысандарға жақын орнатылған антенналар мен базалық станциялар тұрғындардың алаңдауына себеп болуы мүмкін. Кей тұрғындар антенналардан тарайтын сәуледен қауіптенеді. «Кселл» АҚ Электромагниттік өрістер деңгейін бақылау тобының супервайзері Руслан Түбекбаев радиотолқыннан қорқудың себебі неде екенін түсіндірді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Оның сөзінше, нақты ақпараттың аздығы мен түрлі қауесет себеп болуы мүмкін.
«Радиофобия — радиациядан немесе радиоактивті заттардың әсерінен туындайтын шамадан тыс қорқыныш. Көбінесе бұл адамға көрінбейтін құбылыстардан қауіптенуден пайда болады. Радиотолқынның түсі де, иісі де жоқ, оны көзбен көру мүмкін емес. Оның үстіне адамдар сәулеленудің әртүрлі түрлерін жиі шатастырады. Нақты әрі түсінікті ақпарат жеткіліксіз болған жағдайда түрлі қауесет пен болжамға сену оңай. Сондықтан радиотолқын мен радиацияның айырмашылығын, базалық станциялардың жұмыс істеу қағидатын және олардың қауіпсіздігі қалай бақылауға алынатынын қарапайым тілмен түсіндіру аса маңызды», – дейді сарапшы.
Тұрмыста қолданылатын радиотолқын көздерінің басым бөлігі иондаушы емес сәулеленуді пайдаланады. Ол өзінің табиғаты жағынан қауіпті иондаушы сәулеленуден түбегейлі ерекшеленеді және қауіпсіздік нормалары сақталған жағдайда сәуле ауруының дәлелденген себебі болып саналмайды. Күнделікті өмірде адам радиотолқынмен жиі кездеседі. Ұялы телефон, Wi-Fi роутері, планшет, сымсыз құлаққап және басқа да сымсыз құрылғылар ақпарат алмасу үшін радиотолқынды пайдаланады.
Алайда радиотолқыннан қауіптенгенде көпшілік ең алдымен биік мұнаралар мен базалық станцияларды ойлайды.
«Адамдар смартфон немесе Wi-Fi роутерін күн сайын қолданғанымен, базалық станцияға келгенде қауіптенуі мүмкін. Мұның бір себебі – станцияның көлемі мен орналасуы көзге бірден түседі. Ал оның техникалық параметрлері, жұмыс тәртібі мен қауіпсіздік талаптары көпшілікке түсінікті бола бермейді», – дейді Руслан Тубекбаев.
Сарапшының айтуынша, радиофобияны азайтудың бір жолы – тұрғындардың сұрағына нақты жауап беру. Әсіресе базалық станция орнатылған кезде оның қандай талаптарға сай жұмыс істейтіні және электромагниттік өріс деңгейі қалай тексерілетіні ашық айтылуы керек.
Базалық станциялар санитариялық талаптарға сай болуы тиіс. Нысанды пайдалануға бермес бұрын оның құжаттары тексеріліп, электромагниттік өріс деңгейі өлшенеді.
«Базалық станцияны жай ғана орната салып, жұмыс істете бермейді. Оның құжаттары тексеріледі, қажетті өлшеулер жүргізіледі. Электромагниттік өрістің деңгейі белгіленген талаптан аспауы керек. Осы талаптар сақталмаса, нысанды пайдалануға болмайды», – дейді сарапшы.
Яғни тұрғындардың базалық станцияға қатысты алаңдаушылығы оның нақты жұмыс параметрлерімен салыстырылып бағалануы керек.
«Радиофобияны азайтудың ең тиімді жолы – халыққа түсінікті әрі нақты ақпарат беру. Тұрғындар базалық станцияның сәулесінің деңгейін және оның қалай бақыланатынын білсе, негізсіз қорқыныш та азаяды. Бұл жерде эмоцияға емес, нақты өлшемдер мен ғылыми дерекке сүйену маңызды», – дейді Руслан Түбекбаев.
Радиофобияның тағы бір салдары – жаңа базалық станцияларды орнатуға қарсылықтың күшеюі. Ал мобильді интернетті тұтыну көлемі жыл сайын артып келеді. Бейне көру, онлайн қызметтерді пайдалану, әлеуметтік желілер мен түрлі цифрлық сервистер желіге түсетін жүктемені көбейтеді.
Сондықтан операторларға желіні кеңейтіп, жаңа жабдықтар орнатуға тура келеді. Егер белгілі бір аумақта базалық станциялар жеткіліксіз болса, қолданыстағы нысандарға түсетін жүктеме артады. Бұл интернеттің баяулауына, қоңырау сапасының нашарлауына немесе кей жерлерде байланыстың әлсіреуіне әкелуі мүмкін.
«Сапалы байланыс үшін желі үнемі дамып отыруы керек. Бір аумақта станциялар аз болса, бар нысандарға түсетін жүктеме көбейеді. Сондықтан жаңа базалық станция орнату мәселесін қарастырғанда оның техникалық қажеттілігімен бірге қауіпсіздік талаптары да ескеріледі. Ең бастысы – тұрғындардың сұрағына нақты жауап беру», – деп түсіндірді сарапшы.
Бүгінде ұялы байланыс пен интернет күнделікті өмірдің қажетті бөлігіне айналды. Ал радиофобияға қатысты пікірталаста мамандар қорқынышқа емес, нақты ақпарат пен қауіпсіздік талаптарына сүйенудің маңызды екенін айтады.