Маңғыстаудағы мұнай-газ учаскелері аукционға қойылады
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі кезекті электрондық аукционның өтетінін хабарлады. Маңызды сауда-саттық 25 желтоқсанда e-Qazyna электрондық алаңында ұйымдастырылады, деп хабарлайды otpannews.kz сайты kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл аукциондарды өткізу Мемлекет басшысының жер қойнауы учаскелерін тиімді пайдалануды арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында жүргізіліп отыр. Бұл өз кезегінде геологиялық барлауға инвестициялар тартып, мұнай-газ саласының одан әрі дамуына қолайлы жағдай жасайды.
Алдағы желтоқсан айындағы ауционға барлығы 112 учаскенің 56-сы шығарылады. Бұл учаскелер Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Қостанай және Қызылорда облыстарының аумағында орналасқан. Олар бойынша барлау және өндіру құқығы, сондай-ақ тікелей көмірсутектерді өндіру құқығы беріледі.
Жалпы тізімге Бегімбет 1, Батыс Ұлытау, Шолақсай, Басқұмақ, Қарасу, Жасқайрат, Үстірт учаскелері, Қосарал, Майлыкөл, Қарақамыс, Қаракөл және басқа да жерлер кірген.
Жер қойнауын пайдалану құқығын иеленушілер үшін айтарлықтай инвестициялық міндеттемелер қарастырылған. Әр учаске бойынша геологиялық барлау жұмыстарының, атап айтқанда сейсмикалық барлау мен ұңғымаларды бұрғылаудың ең төменгі көлемдері белгіленді. Аукцион жеңімпаздары келісімшарт жасалған күннен бастап бір жыл ішінде барлау жұмыстарының жобасын әзірлеуге, үш жыл ішінде 2Д сейсмикалық барлау талаптарын орындауға және төрт жыл ішінде (нақты учаскенің шарттарына қарай) кемінде бір ұңғыма бұрғылауға міндетті.
Мемлекет тарапынан адами капиталды, ғылымды және өңірлік инфрақұрылымды дамытуға да қатаң талаптар қойылған. Өндіру кезеңінде жер қойнауын пайдаланушы өткен жылғы өндіру шығындарының 1%-ын қазақстандық кадрларды оқытуға, ал тағы 1%-ын Қазақстандағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бағыттауға тиіс. Сонымен қатар, шарт бойынша инвестициялардың 1%-ы өңірдің әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына жұмсалуы тиіс.
Жергілікті қамту үлесі де қатаң регламенттелген: жұмыстарда – кемінде 70%, қызметтерде – 70%, ал тауарларда – 30%. Бұған қоса, қазақстандық кадрлардың үлесі басшылар мен олардың орынбасарлары арасында кемінде 80%, құрылымдық бөлімшелер басшылары арасында 90%, ал мамандар мен білікті жұмысшылар арасында 100% болуы қажет. Ал бастапқы геологиялық қорлардың көлемі 100 миллион тоннадан астам мұнайды немесе 50 миллиард текше метрден астам табиғи газды құрайтын ірі кен орындары үшін өңдеу өндірістерін құру немесе жаңғырту, өндірілген көмірсутектерді Қазақстанда өңдеуге жеткізу сияқты қосымша міндеттемелер жүктеледі.
Осылайша, желтоқсанда өтетін 56 учаскелік аукционды қоса алғанда, Қазақстан жыл соңына дейін көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін барлығы 112 учаскені сауда-саттыққа шығарғалы отыр.