Otpan News Logo

Гид-аудармашы: Бозжыраны көргенде бірі жыласа, бірі қуанады

Гид-аудармашы: Бозжыраны көргенде бірі жыласа, бірі қуанады

29 жастағы Гаухар 4 жылдан бері туризм саласында жұмыс істейді. Алғашында Алматы қаласында турлар ұйымдастырып, кейін туған жері Маңғыстаудың сай-саласын зерттеп, қызығушылық танытқан туристерге гид қызметін ұсынған. Хоббиін табысты кәсібіне айналдыра білген Гаухар бүгінде Еуропа, Румыния, Үндістан және Қытайдан келген туристерге өңірдің тарихи жерлерін көрсетіп жүр, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.


«Маңғыстауға ең көп келетін туристер Италиядан. Ол жақтан келетін кәсіби видеографтар мен фотографтар Маңғыстаудың табиғаты мен тарихи жерлерін әлемге танытуға өз үлестерін қосып жүр. Олардың түсірген материалдары әлеуметтік желілерде танымалдылыққа ие. Ұлыбритания, Қытай және Үндістаннан келетін туристер маусым талғамайды. Тіпті қыста далада қонуды қалайтындарын айтып, өтініш білдіретіндер бар. Туристермен жұмыс істеу өте қызықты. Мысалы, мен Бозжыраға қанша рет барсам да, әр туристің эмоциясы мен көңіл күйіне қарай түрлі әсер аламын. Бозжыраны көргенде бірі жылап, бірі қуанып, енді бірі таңғалып жатады», – деді Гаухар Есіркепова.


Гаухар туристермен тек гид ретінде ғана емес, кәсіби гид-аудармашы ретінде де жұмыс істейді. Ол қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде еркін сөйлейді.


«Соңғы жылдары Маңғыстауға келетін туристердің қатары көбейіп келеді. Олардың арасында әлемдік жұлдыздар да бар. Еуропа мен басқа да шетелдерден туристер көп келген сайын жай ғана гидтерге емес, гид-аудармашыларға да сұраныс артып келеді. Сондықтан гид қызметкерлеріне айтарым – көбірек тіл білсеңіз, соншалықты табысыңыз да жоғары болады», – деді Гаухар Есіркепова.


Гаухардың айтуынша, шетелден келген қонақтарға Маңғыстау жерлерінің тарихын баяндау кезінде кейде әр гид өз білгенін айтып жүр. Оның пікірінше, болашақта өңір тарихын бірізді әрі нақты баяндауға мүмкіндік беретін ортақ кітап немесе әдістемелік құрал қажет.

36
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!