Маңғыстаулық пульмонолог Оңтүстік Кореяда біліктілігін арттырады
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының пульмонолог дәрігері Айнұр Зинал Оңтүстік Кореядағы Incheon St. Mary’s Hospital клиникасында пульмонология бағыты бойынша халықаралық тәжірибе алмасудан өтіп жатыр, - деп хабарлайды otpannews.kz.
Дәрігерді мамыр айында Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына арнайы келген оңтүстіккореялық медицина мамандары арнайы тәжірибе алмасуға шақырған. Осы ұсыныс аясында Айнұр Зинал Корея медицинасының заманауи тәсілдерімен танысып, шетелдік әріптестерінің жұмыс тәжірибесін зерделеуде.
Тәжірибе барысында дәрігер өкпе ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін, медициналық технологияларды қолдану ерекшеліктерін бақылап, клиника мамандарымен бірге түрлі клиникалық жағдайларды талқылауда. Сонымен қатар кореялық профессорлармен кәсіби пікір алмасып, пульмонология саласындағы жаңа тәсілдер мен тәжірибелерді меңгеріп жатыр.
Айнұр Зиналдың айтуынша, тәжірибеден өту барысында тек клиниканың техникалық мүмкіндіктері ғана емес, медицина қызметкерлерінің кәсіби мәдениеті мен пациентке деген қарым-қатынасы да ерекше көзге түсті.
«Кореялық әріптестеріміздің білім деңгейі мен тәжірибесі өте жоғары. Соған қарамастан, олардың қарапайымдылығы мен әріптестерімен білім бөлісуге деген ашықтығы ерекше ұнады. Кез келген сұраққа түсіністікпен қарап, өз тәжірибелерімен бөлісуге дайын. Клиниканың диагностикалық және емдеу мүмкіндіктері де өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мұнда медицинадағы технологиямен қатар, пациентке деген құрмет пен медициналық мәдениетке үлкен мән берілетінін байқадым. Бұл тәжірибе мен үшін кәсіби тұрғыдан өте құнды. Кореялық әріптестерден алған білім мен тәжірибені өз жұмысымда қолдануға тырысамын», – дейді пульмонолог дәрігер Айнұр Зинал.
Айта кетейік, халықаралық тәжірибе алмасу медицина мамандарының кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, озық тәжірибелерді отандық денсаулық сақтау жүйесіне енгізуге мүмкіндік береді.